Президент БАЛАЛАРДЫ құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай Twitter парақшасында құттықтау жариялады.
Астана, NEGE. – Баршаңызды Балаларды қорғаудың халықаралық күнімен құттықтаймын! Бала – бауыр етіміз. Олар – еліміздің ертеңі. Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді әрі жан-жақты болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды. Балаларымыздың болашағы баянды болсын! – деп жазды Президент.

Бұл күнді мереке ретінде атап өту 1925 жылы Женевада балалар мәселелеріне арналған Дүниежүзілік конференцияда қабылданған. Бір ғасырға жуық тарихы бар мерекені тәуелсіз Қазақстан да жыл сайын атап өтеді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің мәліметі бойынша, 2022 жылдың басында елдегі 18 жасқа толмаған балалардың саны 6 млн 485 507 болған. 2011 жылдың басында бұл көрсеткіш 4 млн 851 538 еді.
Жалпы Қазақстан халқының санындағы балалардың үлесі – 33,9%. Оның ішінде қаладағы халықтың арасындағы үлесі 32,4% болса, ауылдағы үлесі – 36,2%.
2022 жыл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Балалар жылы ретінде аталып өтті.