Президент: Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай – рухани реформатор» деп аталатын мақаласы жарияланды.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Президент мақаласында былай дейді: «Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты соның көпшілігін онлайн форматқа ауыстырдық. Әрине сан сынақтан сүрінбеген халқымыз бұл дертті де жеңеді. Қиындық өтпелі, ал Абай мұрасы мәңгілік. Менің тапсырмам бойынша Үкімет оныншы тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізбесіне енгізді (бірақ жұмыс күні болып қала береді). Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда».
Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналғанын, әлемнің көптеген елдерінде ұлы ақынның шығармашылығы ұлықталып жатқанын айтқан Мемлекет басшысы Абай айтқан «бес дұшпаннан» әлі арыла алмай келе жатқанымызды ескертеді.
«Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ кезінде ұлы ойшылды қатты толғандырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі де кездеседі. Өкінішке қарай Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз», – деп жазды Мемлекет басшысы.