Президент Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады

Мемлекет басшысына биылғы жеті айдағы сот жүйесі қызметінің қорытындылары жөнінде баяндалды.
Алматы, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтық істер бойынша дауларды шешудің баламалы әдістерін қолдану 24 пайызға, яғни, 61 мыңнан 76 мыңға дейін өскені айтылды. Олардың қатарында медиация, бітімге келу мен татуластыру рәсімдері бар.
Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, азаматтардың мемлекеттік органдармен арадағы даулар бойынша құқығын қорғау шеңберінде әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 2,6 мың актісі (57 пайыз) заңсыз деп танылды.
Сондай-ақ Президентке қылмыстық іс жүргізуде конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету шаралары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, тергеу соттарының қамауға алуды санкциялаудан бас тарту үлесі 23 пайыздан 37 пайызға өсті. Ақталған азаматтардың саны (жеке айыптау істерін қоспағанда) 59-дан 88-ге жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 шілдеден бастап дербес кассациялық сот жұмыс істей бастады. Алғашқы айдың өзінде аталған мекемеге 5 мыңға жуық арыз-шағым түскен.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың сот жүйесіне сенімін нығайту және сот төрелігінің сапасын арттыру жұмыстарын жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.