Президент жаңадан тағайындалған ҰҚК басшысына ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалауды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізіп, онда комитеттің жаңадан тағайындалған төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, оған бірқатар міндет жүктеді.
Астана, NEGE. Президент кездесуде ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, ведомство алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК басшылығымен жиында мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптің алдын алуға және сыбайлас жемқорлыққа және басқа да заң бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға баса назар аудару керек екенін атап өтті.
Бұған қоса Президент кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіруді және басымдыққа ие мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында жемқорлықтың алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды.