25 Қыркүйек 04:26
...

Президент Ресей мен Украина келіссөздеріне қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді

БҰҰ
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге қатысты еліміздің ұстанымын айтты, деп хабарлады Tengrinews.

Алматы,NEGE. Бұл сауал Мемлекет басшысына БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында қойылған. Президент Тоқаев Қазақстанның бұл қақтығыста делдал еместігін және өзін олай санамайтынын атап өтті.

«Қазақстан әскери қақтығыста араағайын емес және өзін олай санамайды. Менің ойымша, екі тарап та барлық даулы мәселелер бойынша диалог жүргізуге қабілетті. Үнемі айтатынымдай, украин дағдарысы аса күрделі, оны жеңіл-желпі қарастыруға болмайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, әскери іс-қимылдардың жалғасуына байланысты аумақтық, тарихи, ұлттық, тілдік және саяси сипаттағы көптеген мәселелер қабаттасып жатыр.

«Иә, аумақтық мәселе — ең бастысы әрі ең күрделісі. Бірақ оны келіссөздер үстелінде шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені тарихи тақырыптарға қатысты пікірталастар (Киев Русі, аумақтық "сыйлықтар", украин мемлекеттілігі және тағы басқалар) қатар жүріп жатыр. Бұл мәселеде әртүрлі, соның ішінде ерекше әрі тосын пікірлер айтылуда. Соған қарамастан келіссөздерді жалғастыра беру қажет. Мұны мен БҰҰ-дағы сөзімде де айттым», — деді Мемлекет басшысы.

Президент екі ел басшылары Қазақстанға келіп, кездесу өткізуге ниет білдірсе, еліміз барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін мәлімдеді.

«Бірақ ең бастысы — жоғары деңгейдегі кездесулер әрқашан дипломаттар мен өзге де қызметтердің ауқымды дайындық жұмысынан кейін өтеді. Әскери қимылдар жалғасып жатқанда, күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша қайшылықтар бар кезде нақты нәтиже күтудің өзі, шын мәнінде, орындалмайтын үміт», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның ұстанымын да нақтылады.

«Біз Ресей мен Украина арасындағы жоғары деңгейдегі тікелей келіссөздердің басталғанын қолдаймыз. Бірақ оған дейін өзара түсіністікке қол жеткізу үшін алдын ала дайындық қажет. Қазақстан араағайын болмаса да, қажет болған жағдайда, келіссөздер мен кездесулерге алаң ұсынуға дайын», — деді Президент.