Президент оқушылардың цифрлық профильдерін қалыптастыруды тағы бір маңызды басымдық ретінде атады

Президент оқушылардың цифрлық профильдерін қалыптастыруды тағы бір маңызды басымдық ретінде атады.
Алматы, NEGE. – Онда әр баланың оқу үлгерімі, мықты қырлары мен жетістіктері тіркеледі. Ал бұл, өз кезегінде, университет бағдарламасын оңтайландырып, жоғары оқу орнын мерзімінен бұрын тәмамдауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жасанды интеллект цифрлық профиль негізінде кәсіптік бағдар жүйесін жасақтайды. Оқушыларға қарым-қабілетіне сай даму жолдары, курстар мен жобаларды таңдау еркіндігі ұсынылуы керек. Бұл болашақ инженерлерді, зерттеушілерді, дәрігерлерді, мұғалімдер мен кәсіпкерлерді алдын ала анықтауға жол ашады. Осылайша, әрбір адам өз қабілетін пайдаланып, өмірден лайықты орнын табады. Үкіметке жаңа ЖИ университетімен интеграцияланған оқушылардың ұлттық цифрлық профильдер жүйесін құруды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мұғалімдер көп уақытын жұмсайтын күнделікті күйбең шаруаны жасанды интеллект арқылы автоматтандырудың маңызына назар аударды.
– Алгоритмдер шәкірттерге жеке тапсырмалар мен дайындық тесттерін әзірлеп, жауаптарды тексеріп, олармен жылдам кері байланыс орната алады. Мұндай технологиялық шешім мұғалімдердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, ұстаздық қызметімен айналысуына мүмкіндік береді. Бірақ бір нәрсе әрдайым есте болуға тиіс: мұғалімнің жанашырлығын және ақыл-парасатын ешбір технология алмастыра алмайды. Сондықтан мұғалім мен оқушы арасындағы адами қарым-қатынас білім беру үдерісінің өзегі болып қалуға тиіс. Біздің мақсатымыз – педагогтерді басы артық жұмыстан босату, өз миссиясын алаңсыз атқаруына жағдай жасау. Үкімет жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізген кезде осы қағиданы ескеруі керек, – деді Мемлекет басшысы.