USD
USD
USD

Президент Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

Президент
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Құттықтау мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

«Құрметті отандастар! Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл.

Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді.

Оразаның рухани құндылықтарын қазір әлемде болып жатқан күрделі ахуалды ескере отырып, кемел санамен қабылдау, оның түпкі мағынасын дұрыс түсіну – үлкен имандылықтың белгісі», – дейді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан «ауқымды өзгерістердің, түбегейлі жаңғырудың тарихи кезеңіне қадам басқанын» атап өткен.

«Жаңа халықтық Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды. Бұл өрлеу және әділеттілік даңғылына түскен мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын Негізгі Заң болмақ.

Бас құжат мыңдаған жыл тарихы бар мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздегі саяси, азаматтық, экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіріп, күшейтуге жол ашады.

Біз дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарымызды қастерлей отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды терең түсінетін әрі мүлтіксіз сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұлағатымен толық үндеседі.

Білімге, тазалыққа және жақсылыққа бастайтын өркениетті қоғамда Рамазан айы жаңа рухани мәнге ие болып, барша жұртқа шапағатын тигізетіні сөзсіз.

Қасиетті Рамазан құтты болсын, мұсылман жамағаты!», – делінген құттықтауда.

Айта кетейік, бүгін, 19 ақпанда қасиетті Рамазан айы басталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы таяуда Ораза кестесі мен пітір садақа мөлшерін жариялады.

Қазір оқып жатыр

«Уақтылы әрі парасатты үндеу»: Украина СІМ басшысы Тоқаевқа алғыс айтты

.

Кремль Тоқаевтың Украинадағы соғысты тоқтата тұру туралы ұсынысына жауап берді

.

Қазақстанда бір күнде үш орман өрті шықты

.

Тоқаев Украинадағы қақтығысты уақытша тоқтатуды ұсынды

.