USD
USD
USD

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиясы Қазақстанның технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтеді – сарапшы

Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар экономиканың жаңа даму бағдарын айқындап, мемлекеттер арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл ретте Қазақстан цифрлық трансформацияны жеделдетіп, отандық технологиялық әлеуетті арттыруға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге басымдық беріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жұмыс сапары аясында AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысуы да осы бағыттағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

.
Фото: Максим Крамаренко

Конференция барысында жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық экономиканы қалыптастыру, энергетика мен көлік-логистика салаларындағы технологиялық әріптестік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Бұл бастамалар Қазақстанның цифрлық даму стратегиясын жүзеге асырумен қатар, елдің халықаралық технологиялық кеңістіктегі орнын нығайтуға бағытталған.

Осы орайда Еуразиялық саясат институтының директоры Максим Крамаренко Қазақстан мен Ресей арасындағы технологиялық әріптестіктің перспективалары, Президенттің дипломатиялық ұстанымының маңызы, отандық цифрлық экономиканың даму қарқыны және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері туралы пікір білдірді.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысуы цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы белсенді диалогтың жалғасы болды. Осындай халықаралық алаңдардың екі ел арасындағы технологиялық әріптестікті нығайтудағы маңызын қалай бағалайсыз?

— Мұндай алаңдардың маңызы олардың хаттамалық іс-шара болуында емес, институционалдық тетік ретіндегі рөлінде. Мұнда технологиялық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары жоғары деңгейде келісіліп, кейін бұл уағдаластықтар мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдары арқылы нақты жобаларға ұласады. Қазақстан мен Ресей үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Өйткені екі ел арасындағы әріптестік ресурстық және өнеркәсіптік ынтымақтастықпен қатар, технологиялық салаларды да қамтып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Яндекс» компаниясының Қазақстандағы ірі жұмыс берушілердің біріне айналғанын, ал «Сбердің» еліміз нарығында кеңінен ұсынылғанын атап өтті. Бұл екі ел арасындағы технологиялық ықпалдастықтың бизнес деңгейінде де белсенді дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал саяси диалог осы ынтымақтастықтың институционалдық негізін нығайтады.

Мемлекет басшысының дипломатиялық қызметінің тиімділігін екіжақты қатынастарды нақты жобалармен толықтыруынан көруге болады. Бұған Балқаш атом электр станциясы, цифрлық көлік дәлізін құру және білім беру саласындағы бірлескен бастамалар дәлел. Қазақстан халықаралық әріптестікті дамыта отырып, өзінің цифрлық даму басымдықтарын да жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл ретте көпвекторлы сыртқы саяси бағыт технологиялық құзыреттер мен озық тәжірибені әртүрлі серіктестермен бірлесіп дамытуға мүмкіндік береді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы нақты нәтижелерін атап өтті. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы, Digital Qazaqstan стратегиясының әзірленуі, Astana Hub жұмысының дамуы және AI-Sana бағдарламасы аясында мамандар даярлау мәселелеріне тоқталды. Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан өз технологиялық шешімдерін әзірлеу кезеңіне жүйелі түрде көшіп жатыр деп айтуға бола ма?

— Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан өз технологиялық шешімдерін әзірлеу кезеңіне жүйелі түрде көшіп келеді. Бірінші бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді: мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. Ал БҰҰ рейтингінде Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемде 16-орынға көтеріліп, екі жыл ішінде сегіз сатыға жоғарылады.

Қазір отандық технологиялық шешімдерді әзірлеуге және жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларына енгізуге басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттың нормативтік-құқықтық негізі де қалыптасты. 2026 жылғы 18 қаңтардан бастап «Жасанды интеллект туралы» заң қолданысқа енді, Цифрлық кодекс қабылданды, Digital Qazaqstan стратегиясы бекітілді.

Сонымен қатар қажетті институционалдық және кадрлық әлеует дамып келеді. Astana Hub алаңында 2700 компания жұмыс істейді. Alem.ai орталығы, Qazaq AI Research University және 100 мың студентті қамтитын AI-Sana кадр даярлау бағдарламасы осы бағыттағы маңызды бастамалар саналады. IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты, ал Higgsfield компаниясының нарықтық бағасы шамамен 10 миллиард долларға жетті.

Ендігі басымдық – отандық әзірлемелерді нақты экономика салаларына кеңінен енгізу және олардың практикалық тиімділігін арттыру. AI Challenge бастамасы да осы мақсатқа бағытталған. Бұл Қазақстанның цифрлық қызметтерді тұтынушы елден технологиялық шешімдер әзірлеп, экспорттайтын мемлекетке айналуына жол ашады.

— Мемлекет басшысының сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы жасанды интеллект, энергетика және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, атом энергетикасындағы бірлескен жобалар, цифрлық көлік дәлізін құру және ақпараттық жүйелерді интеграциялау мәселелері қозғалды. Мұндай өзара іс-қимыл Қазақстан үшін қандай жаңа экономикалық және технологиялық мүмкіндіктерге жол ашады?

— Қазақстан үшін жасанды интеллект, энергетика және көлік-логистика бағыттары біртұтас технологиялық жүйені құрайды. Өйткені есептеу қуаттарының дамуы энергетикалық инфрақұрылымға, ал деректердің экономикалық құндылығы логистика саласындағы тиімді шешімдерге тікелей байланысты.

Халықаралық энергетика агенттігінің болжамынша, 2030 жылға қарай деректер орталықтарының электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 950 миллиард кВт/сағатқа жетеді. Бұл – 2024 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам көп. Осы тұрғыдан алғанда, «Росатомның» жетекші рөлімен жүзеге асырылатын «Балқаш» атом электр станциясы жобасы Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайтып, жоғары технологиялық инфрақұрылымды дамытуға берік негіз қалыптастырады.

Ал цифрлық көлік дәлізі Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі логистикалық тізбектерге ықпалдасуын тереңдетіп, көлік қатынасындағы заманауи стандарттарды қалыптастыруға қатысуына мүмкіндік береді. Бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, қазан айында электрондық жүкқұжат қолдану арқылы пилоттық тасымал жүзеге асырылды. Сонымен қатар Smart Cargo және AI Jol жобалары қолға алынған.

Мұндай бастамалар ауқымды инвестицияны, технологиялық сараптаманы және ұзақмерзімді әріптестікті қажет етеді. Сондықтан Президенттің сараланған дипломатиялық ұстанымы жобалардың тұрақты жүзеге асуына, тараптар арасындағы сенімнің нығаюына және өзара тиімді шешімдердің қабылдануына ықпал етеді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас ұрпаққа үнемі көңіл бөліп келе жатқаны да ерекше назар аудартады. Мемлекет басшысы шетелдік сапарлары мен ірі халықаралық іс-шараларға қатысуы барысында жастармен, студенттермен және дарынды оқушылармен кездесуге уақыт бөледі. AI Journey 2026 конференциясы аясында да жас әзірлеушілермен және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарымен жүздесті. Президент күн тәртібіндегі бұл басымдық нені аңғартады?

— Мәскеудегі кездесу Президенттің жастармен жүйелі түрде жұмыс істеу тәжірибесінің жалғасы әрі оның адами капиталды дамытуға ерекше мән беретінін көрсетеді. Мемлекет басшысы адам әлеуетін елдің технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырады. Осыған орай форум аясында Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген жасанды интеллект саласындағы олимпиада жеңімпаздарымен кездесті.

Мұндай кездесулер дарынды жастарға қолдау көрсетіп, олардың ғылыми ізденісі мен шығармашылық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар жас мамандардың өз білімін ел игілігіне жаратуына қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұл бағыт нақты бастамалармен де жалғасып келеді. Мамыр айында Астанада «Қазақстан – Сириус» кешенінің құрылысы басталды. Алматыда да осындай жоба жүзеге асырылып жатыр. Білім беру саласында дарынды балаларды ерте анықтау, олардың қабілетін дамыту және ғылыми ізденіске баулу бағытында Ресейдің тәжірибесі зерделенуде.

Ғылыми және инженерлік әлеуетті қалыптастыруда білім беру мазмұны да маңызды рөл атқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға, жасанды интеллект ұсынған мәліметтерді саналы түрде пайдалануға үйрету міндетін қойды. Сондай-ақ AI Journey Junior аясында оқушылар мен педагогтерге арналған жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану тақырыбында бірлескен жобалар әзірлеуді ұсынды. Мұның барлығы жас ұрпақтың заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды тиімді әрі жауапкершілікпен қолданатын білікті маман болып қалыптасуына негіз болады.

— Президент AI Journey 2026 конференциясындағы сөзінде жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың қажеттігін атап өтіп, технологиялық даму мемлекеттер арасында жаңа алшақтықтар мен кедергілерге себеп болмауға тиіс екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстан ғылыми білім мен тәжірибе алмасуды, бірлескен әзірлемелерді және жаңа технологияларды жауапкершілікпен пайдалануды қолдайды. Қазіргі геосаяси бәсеке жағдайында Мемлекет басшысының бұл ұстанымына қандай баға бересіз?

— Президенттің бұл ұстанымын прагматикалық әрі көреген дипломатияның үлгісі деп бағалауға болады. Мемлекет басшысы ғылым мен технология саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, технологиялық даму мемлекеттер арасындағы жаңа мүмкіндіктер мен әріптестікке жол ашуға тиіс екенін жеткізді.

Бүгінде озық технологияларға, есептеу қуаттарына және білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық қауіпсіздігін айқындайтын маңызды факторларға айналды. Сондықтан Қазақстан үшін халықаралық ғылыми алмасуды қолдау, Ресеймен технологиялық кооперацияны дамыту және басқа да жетекші құзырет орталықтарымен байланыс орнату стратегиялық тұрғыдан тиімді.

Мәселен, NVIDIA компаниясының басшылығымен өткен кездесу де Қазақстанның әлемдік технологиялық көшбасшылармен диалогты дамытуға мүдделі екенін көрсетеді. Мұндай байланыстар озық тәжірибені зерделеуге, жаңа технологияларды тартуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның бұл бағыттағы ұстанымы ішкі әлеуетті дамыту жұмыстарымен де сабақтасып жатыр. Қалыптасып келе жатқан технологиялық институттар, кадр даярлау жүйесі және энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған жобалар елдің дербес мүмкіндіктерін кеңейтеді. Осылайша, Қазақстан халықаралық технологиялық ынтымақтастықты дамытумен қатар, өзінің ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетін нығайтуға басымдық беріп келеді.

Қазір оқып жатыр

Санжар Боқаев 10 жылға сотталды

бокаев

Ақтөбеде қайтарылған активтер есебінен салынған 300 орындық арнайы балабақша ашылды

Ақтөбе

Семейде жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастаған әке өмір бойына сотталды

сотталған

Күйеуінің қолынан ажал құшқан астаналық тұрғынның анасы соттың ашық өтуін талап етті

Жазира Адауова