24 Қаңтар 16:36
...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады

Ақорда
Фото: Ақорда

Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің былтыр жүзеге асырған ақша-кредит саясатының қорытынды есебі мен 2025 жылға арналған монетарлық реттеу жоспарын баяндады.

Алматы, NEGE. Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасы мен қаржы жүйесінің ахуалы, іскерлік белсенділік, инфляция факторлары, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру және инфляция деңгейін ортамерзімді мақсатқа сәйкес 5 пайызға жеткізу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді. Ол 2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция Ұлттық банктің болжаған шегінде қалыптасқаны, яғни 8,6% пайыз болғанын айтты.

Сонымен қатар ол Ұлттық қордың активтері, алтын-валюта резервтері және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жай-күйі жөнінде ақпарат берді. 2024 жылы Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен табыс 7,5 пайызға артып, 4,5 миллиард доллар болған. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 45,8 миллиард долларға жетіп, 27,4 пайызға ұлғайған. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарудан түскен инвестициялық табыс 3,4 триллион теңгеге жетті. Ал кіріс көрсеткіші инфляциядан екі есе асып түсіп, 17,8 пайызға жеткен.

Ұлттық банк төрағасы валюта нарығындағы жағдай таныстырылып, теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады. Ол банк секторындағы жағдайдың тұрақтылығы, депозиттер базасының қалыпты өсімінің жалғасуы, сондай-ақ қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары мен макропруденциялық саясаттың тиімділігін арттыру жоспары жөнінде айтты. Сонымен қатар Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту нәтижелері мен Антифрод-орталығының қызметін таныстырды. 

Мемлекет басшысы инфляцияны тежеп, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк пен Үкімет макроэкономикалық саясатты үйлесімді жүргізуі қажет екенін атап өтіп, Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.