Тоқаев репрессия кезеңі туралы: Ұлтымыз мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды

31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы шарада сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорда.
АСТАНА, NEGE. «Біз жыл сайын осы күні тоталитарлық режимнің жазықсыз миллиондаған құрбандарын еске аламыз. Халқымыз жаппай ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты аса ауыр қасіреттерді бастан өткерді. Біз сол қаралы жылдардың барлық құрбандарын еске алып, тағзым етеміз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы ХХ ғасырда Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері болғанын, соның бірі – АЛЖИР екендігін атап өтті. Бұл жерде 8 мыңға жуық әйел жазықсыз сотталып, азап шекті. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров сынды ұлт зиялыларының жұбайлары да болған.
«Саяси қуғын-сүргін тек қазақ халқына ғана емес, өзге этностарға да ортақ трагедия. АЛЖИР-де 60-тан астам ұлттың өкілдері болған. Сондықтан бұл – бір ғана халықтың емес, тұтас кеңестік кеңістіктегі халықтардың қайғысы. Мұндай қасіреттің қайталануына жол бермеу – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілгенін айтты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, 2,5 миллионнан астам архив құжаты зерттелді. 300 мыңнан астам азамат ақталды. Президент Архиві жанынан арнайы орталық құрылып, бұрын құпия болған 700 мың іс ашылды. 72 томдық архив жинағы мен Алаш қайраткерлеріне қатысты 12 томдық еңбек жарық көрді.
Тарихи жадымыздың маңыздылығы
Президент тарихты саяси құралға айналдырмауға шақырды:
«Өткенді бүгінгі саясаттың көзімен бағалауға болмайды. Репрессияны ақтауға да, сол кезеңнің қылмыскерлерін батырға айналдыруға да жол жоқ. Бірақ қайғыны ұмытпай, алға ұмтылу – басты міндетіміз».

Мемлекет басшысы ел бірлігі мен тәуелсіздікті сақтау – басты құндылық екенін атап өтті:
«Халқымыз сан ғасырлық мәдени код пен бірлікке сүйене отырып, небір сын-қатерге төтеп берді. Бүгінгі ұлттық болмысымыздың негізінде – бауырмалдық, жауапкершілік пен төзімділік жатыр».
Мемлекеттік реформалар мен жастардың рөлі
Президент елде жүргізіліп жатқан реформалар жайында да айтты. Оның сөзінше, соңғы үш жылда Конституция жаңартылып, Парламенттің рөлі артты, Конституциялық Сот құрылды, ауқымды демократиялық өзгерістер жүзеге асты.
Мемлекет басшысы жастарды болашаққа сеніммен қарауға шақырды:
«Бүгінде жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дамып келеді. Жастар заманауи сын-қатерлерге дайын, білімді, мақсаткер болуы тиіс. Абайдың өсиетіне сай, ғылым үйреніп, елге қызмет ету – басты парыз. Біз тек өткенге қарап өмір сүрмеуіміз керек. Болашаққа сеніммен, табанды қадаммен алға басуымыз қажет».
Сөз соңында Президент саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысына үлес қосқан азаматтарға алғысын білдіріп, еліміздің жарқын болашағына сенім артатынын жеткізді.