1 Маусым 12:29

Президент Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады

1 маусым балалар күні
Фото: ғаламтордан

Қасым-Жомарт Тоқаев балғындарды елімізде жыл сайын аталып өтетін балалар мерекесімен құттықтады.

Алматы, NEGE. «Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Жарқын жаз өскелең ұрпаққа қамқорлықтың символына айналған осы мерекеден басталады. Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Мен жас ұрпақ Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарын нақты жүзеге асырып, «Адал азамат» тұжырымдамасының озық идеалдарына толық сай болады деп сенемін. Ол үшін біз бүкіл қоғам болып жалпыұлттық құндылықтарымызды ұрпақтың бойына сіңіруіміз және оларды еңбекқорлық пен білімпаздыққа баулуымыз керек. Сондай-ақ, төл тарихымыз және мәдениетімізді құрметтеуге үйретуіміз қажет. Барлық бала ата-анасы мен жақындарын оқудағы, шығармашылық саладағы және спорттағы жетістіктерімен, жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылысымен қуанта берсін!, – деп түйіндеді Президент.

Бұл мереке 1949 жылы қарашада Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы конгресінің шешімімен бекітілген. Негізгі халықаралық шарт – 1989 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция.

Қазақстан кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық құқықтық құжаттарды ратификациялады. Оларды жүзеге асыру барысында балалардың құқықтары және міндеттерін белгілейтін тиісті заңдар мен қаулылар қабылдады.

Балаларды қорғау күнінің мақсаты – балалардың өмір сүруге, пікір бостандығына, білім алуына және қорғалуына құқығы бар екенін еске салу. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени іс-шаралар, соның ішінде көрмелер, шығармашылық фестивальдар, спорттық жарыстар мен тағы басқалары өткізіліп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау әдетке айналған.