28 Желтоқсан 18:38
...

Президент әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 90 жылдық мерейтойымен құттықтады

Ақорда
Фото: Ақорда

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Президентінің атынан білім ордасын мерейтойымен құттықтады.

Алматы, NEGE.Іс-шараға іргелі білім ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері, түлектері және университетпен серіктестік орнатқан шетелдің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Ерлан Қарин жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта Мемлекет басшысы университеттің мерейлі белесі ұлттық ғылым және тұтас білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға екенін атап өткен.

– Қадірлі қауым, баршаңызды әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл тұтас білім және ғылым саласының мерейлі мерекесі. ҚазҰУ еліміздің тұңғыш жоғары оқу орындарының бірі. Қасиетті қара шаңырақ ғасырға жуық уақыт ішінде іргелі білім ордасына айналды. Білікті мамандар ұстаханасы ретінде өзінің бірегей дәстүрін қалыптастырды,- делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
ҚазҰУ – еліміздегі алғашқы университеттердің бірі. Қазіргі таңда білім ордасы халықаралық рейтингтерге сәйкес Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұр, ал оның түлектері еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.

– Қазіргі жастарды осы сабақтастықты сақтап, аға буынның жолын лайықты жалғастырып келеді.Білім ордасы бүгінгі мерейтойына зор жетістіктермен жетіп отыр. Беделді халықаралық рейтингтерде Орталық Ащия аймағындағы жоғарғы оқу орындарының көшін бастауы соның айқын дәлелі.Өскелең ұрпақты білім, ғылымға баулып, олардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру жолында еңбек етіп жүрген университет ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да осы миссияны абыроймен атқарасыздар деп сенемін, – делінген Президент құттықтауында.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші университет ұжымын, студенттерін және түлектерін мерейтоймен құттықтады. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің айрықша рөлін атап өтіп, оқу орны Алматының және отандық білім беру саласының белгілі брендтерінің біріне айналғанын жеткізді.

Білім ордасының ректоры Жансейіт Түймебаев өз кезегінде оқу орнының ғылыми-зерттеу бағытындағы, инновация саласындағы жетістіктері, студенттер қалашығының дамуы, университеттің алдағы жоспары туралы баяндады.

Салтанатты іс-шарада университет қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Жас ғалымдарға пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ білім ордасының тарихы мен жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді. Жиын шығармашылық ұжымдары, қазақ эстрадасы мен операсының әйгілі орындаушыларының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.