Премьер-министрдің орынбасарлары мен министрлердің көбі өз орнында қалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен премьер-министрдің орынбасарлары мен кейбір министрлік басшылары қайта тағайындалды.
Астана, NEGE. Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін сақтап қалды. Нәлібаев бұл қызметке осы жылдың мамыр айында тағайындалған болатын.
Ғалымжан Қойшыбаев премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы лауазымында қалды. Қойшыбаев бұл қызметті 2023 жылғы қаңтар айынан бері атқарып келеді.
«Салық реформасының әкесі» атанған Серік Жұманғарин де премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі лауазымына қайта тағайындалды. Ол премьер-министрдің орынбасары қызметін 2022 жылдан бері атқарып келеді. Бұл қызметпен қатар Ұлттық экономика министрлігін 2024 жылғы желтоқсан айынан бері басқарады.
Тоқаевтың жарлығымен Жаслан Мәдиев те премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметінде қалды. Мәдиев бұл қызметке алғаш рет 2024 жылғы мамырда тағайындалған болатын. Оған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Бозымбаев та премьер-министрдің орынбасары лауазымына қайта тағайындалды. Бозымбаев бұл лауазымды 2024 жылғы наурыздан бері атқарып келеді.
Президенттің жарлығымен Мәди Такиев қаржы министрі лауазымында қалды. Тәкиев бұл министрлікті 2024 жылғы ақпан айынан бері басқарады.
Нұрлан Сауранбаев та көлік министрі лауазымына қайта тағайындалды. Сауранбаев аталған қызметті 2025 жылғы маусым айынан бері атқарып келеді.
Ерлан Сәрсембаев та Тоқаевтың жарлығымен Әділет министрі лауазымында қалды. Ол бұл лауазымға 2025 жылғы 9 қаңтарда тағайындалған болатын.
Мемлекет басшысының жарлығымен Ерлан Ақкенженов энергетика министрі лауазымына қайта тағайындалды. Ақкенженов бұл министрлікті 2025 жылғы 19 наурыздан бері басқарып келеді.
Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басшысы болып қайта тағайындалды. Ол да бұл қызметке 2025 жылы ақпанда кіріскен болатын.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да өз орнында қалды.Сүлейменова бұл қызметке бір жыл бұрын ғана тағайындалған еді.
Мемлекет басшысының жарлығымен Арман Шаққалиев те Сауда және интеграция министрі лауазымына қайта тағайындалды. Ол бұл қызметті 2023 жылғы қыркүйек айынан бері атқарып келеді.
Нұржан Нұржігітов су ресурстары және ирригация министрі лауазымында қалды. Нұржігітов бұл қызметке 2023 жылғы 4 қыркүйекте кіріскен болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрі лауазымына қайта тағайындалды. Ол Денсаулық сақтау министрлігін 2024 жылғы 6 ақпаннан бері басқарып келеді.
Еске салсақ, Конституцияға сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатқан болатын. 28 тамызда Президент тиісті жарлыққа қол қойды.
Ал 31 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынуымен және Құрылтай депутаттарының қолдауымен Олжас Бектенов Үкімет басшысы болып қайта тағайындалды.
Айта кетерлігі, Құрылтай сайлауынан кейін Президент Үкімет жұмысына баға беріп, министрлер кабинетінің жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ екенін атап өткен еді. Сондай-ақ ол «Үкімет жұмысына қан жүгірту үшін» кадрлық өзгерістер жоспарланғанымен, жай сылтаумен біреуді жұмыстан шығаруға қарсы екенін баса айтқан болатын.
Материал толықтырылуда.