Премьер-министр жыл соңына дейін e-Gov порталын жаңғыртуды тапсырды

Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев ЖИ элементтерін енгізу туралы мәлімдеді.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, бүгінде онлайн-кеңесшілер енгізіліп жатыр. Бірыңғай байланыс орталығында 60 мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беретін және 10 қызмет түрін көрсететін интеллектуалды дауыстық көмекші жұмыс істейді. Оның қатарында туу туралы куәлік, сотталмағаны туралы және психо-наркологиялық диспансерлерде тіркелмегені туралы анықтамалар және басқа да қызмет түрі бар.
Сонымен қатар 1414 байланыс орталығының базасында әкімшілік органдардың 30-дан астам байланыс орталығын біріктіретін орталықтың қызметіне ЖИ енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ХҚКО-ларда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында ЖИ элементтері бар кеңесшілер енгізу жоспарлануда.
Көлік құралдарын тіркеу процесін жетілдіру үшін мемлекеттік корпорацияның құжаттарды ресімдеу платформасы іске қосылады, биометриялық сәйкестендіру және автокөлік тарихын тексеру қызметтері енгізіледі. Жүргізуші куәліктерін беру саласында емтихан тапсыру кезінде «AR» және «Computer Vision» технологияларын іске қосу, Еуропа тәжірибесі негізінде емтихан қабылдау тәртібін қайта қарау жоспарланған.
Премьер-министр Олжас Бектенов «электронды үкімет» мемлекеттік қызмет көрсету порталын одан әрі жаңғырту қажеттігін атап өтті.
«Жыл соңына дейін жасанды интеллект элементтерін іске қосу арқылы «электронды үкімет» порталын жаңғырту керек»,
– деп атап өтті Олжас Бектенов.