15 Мамыр 14:11
...

Премьер-министр Қостанай облысының шаруаларымен мемлекеттік қолдау шараларын талқылады

Егістік
Фото: gov.kz

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі дала жұмыстарының барысын тексеріп, өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Алматы, NEGE. Премьер-министрге «Село Восточное» ЖШС жұмысын көрсету арқылы саланы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі туралы баяндады.

Биылғы егіс науқанында фермерлер тұқымдармен, дизель отыны және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. «Село Восточное» ЖШС директоры Иван Попович биыл жалпы жаздық егіс 54 мың гектарды құрайтынын хабарлады. Оның ішінде бидай 47 мың гектар алқапқа, арпа 5,3 мың гектарға егілді. Шаруашылық өсірілген астықты ішкі нарықтың қажеттіліктерін жабу үшін өткізеді.

Өз кезегінде Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының қарқыны туралы баяндады. Еліміздің ең ірі астықты өңірі биыл 5,1 млн гектар алқаптан өнім алады, оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 4,2 млн гектарға егіледі деп жоспарлануда. Әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдардың, әлеуметтік маңызы бар және жем-шөп дақылдарының үлесі артып келеді.

Биыл фермерлер минералды тыңайтқыштарды енгізудің көлемін 1,3 есеге – 337,6 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарына 91,5 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,2 есе көп. Сондай-ақ 2025 жылы өңірде АӨК саласында құны 52,5 млрд теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда, бұл 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте 2027 жылға дейін 93 жоба мен 4,4 мың жұмыс орнын ашу көзделген.