14 Қаңтар 12:10
...

Премьер-министр қысқы IX Азия ойындарына дайындық бойынша бірқатар тапсырма берді

қысқы IX Азия ойындары
Фото: ғаламтордан
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы, NEGE. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында олимпиадалық стандарттарға бағдарланған тиімді дайындық бағдарламаларын құру бойынша қарқынды жұмыс қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы жоғары жетістіктер спортына қатысты нақты міндеттер қойды. Бұл ретте спорт түрлерін таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, елімізге тән ерекшеліктерге сүйене отырып жасалуы керек. Аталған мәселенің шешімі спорт федерацияларының қызметін, олардың халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі жұмысын да реттеуге тиіс. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Спорттық медицинаны дамыту жұмысын жандандыру керек. Бәріміз қазақ спортының бәсекеге қабілетті болуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жалпы еліміз бойынша Мемлекет басшысы тапсырмасымен салауатты өмір салтын дамытып, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту үшін кешенді шаралар қабылдануда.

Республика бойынша 5 жыл ішінде 215 дене шынықтыру кешені, 17 жүзу бассейні, 57 спорт манежі және 1,5 мыңнан астам спорт алаңы салынды. Жеке инвесторлар есебінен 92 жоба іске асырылды.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді. Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктер, барлық мүдделі ұйым мен компанияларға – Қазақстан құрамасының Қытайда сәтті нәтиже көрсету үшін спортшыларымызға барлық жағдай жасау тапсырылды. Сыртқы істер министрлігіне ұлттық құрамаға дипломатиялық желі бойынша тиісті қолдау көрсету міндеті қойылды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қазақстандық спортшылар қатысатын Азия ойындарының үздіксіз әрі сапалы көрсетілімін қамтамасыз ету тапсырылды.

Туризм және спорт министрлігі әкімдіктермен, Ұлттық Олимпиада комитеттерімен, федерациялармен бірлесіп, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын барынша күшейтуі қажет.