Праймериз: Эскорт-модельдің де қақы бар

Nur Otan партиясы праймериз деп аталатын саяси науқанды бастағалы бері талай-талай қызықтың куәсі болып жатырмыз. Тіркелген 11 мыңға жуық кандидаттың арасында кім жоқ дейсіз, бәрі бар: шенді де, әнші де, әртіс те, мұғалім де, журналист те те жүр...
Праймериз басталғалы бері әлеуметтік желіде кандидаттарды күлкі жасаған жазбалар жиі көзге түседі. Мәселен, кезінде көпшілікті тақырға отырғызып кеткен «Гарант 24 Ломбард» деп аталатын ұйымды қолына «Калаш» алып қолдаған вайнер Мейіржан Төребаев праймеризге түспекші. Рас, Төребаев кейіннен «мен де алдандым» деді басы салбырап. Халық кешірімді ғой, тағы да кешіре салуы әбден мүмкін.
Тізімнен тағы бір КВН-щикті көрдік. Аты-жөні – Мәлік Хасенов. Сөз жоқ, талантты жігіт. «Нұр Отанның» сықиған жүйесін бұзатын Мәлік сияқты көңілді кандидаттар керек-ақ. Тұрсынбек Қабатов екеуі «нұротандықтардың» шек-сілесін қатырып, партияның сұрқай кеңселерін жаңғырта күлдіріп жүрсе жаман ба? Бірақ бір «но» бар. «Кавэнщик» Мәлік Хасенов құмар ойындарға, анығында ставка қоюға мәстір көрінеді. Сонда ол билік партиясында нені насихаттайды? Кімдерді жарнамалайды?
Нұр-Сұлтанда Екатерина Михэль деген бизнесвумен сұлу қыз тұрады. Ол қымбат ресторандарға иелік етеді. Катя да праймеризге қатысып жатыр. Журналист Михаил Козачков Катяға байланысты қызық дерек тауып алыпты. Әлгі сұлу қыздың жалпы сомасы 544 488 теңге болатын 47 айыппұлы бар екен...
Праймериз тізімінде журналистер өріп жүр. Біраз нәрсені айтып-айтып тастауға себеп көп еді, өз бақшамызға тас лақтырғанымыз жөн болмас деп шештік. Торсаңдап өкпелеп қалатын әріспестер аз емес. Оның үстіне тіркелгеннің бәрі мәреден шаңдатып өте бермесі тағы белгілі.
Бір нәрсені айтпауға болмайды. Праймериз тізімінде лайықты кандидаттар көп. Олардың атын атап, түсін түстеп жатпайық, бастапқы айтпағымыз басқа еді.
Өңірдегі тұрақты оқырмандарымыздың бірі Nege.kz тілшісіне қызық дерек жеткізді. 17 тамызда праймериз бәйгесі әп деп басталғанда көпшілік біле бермейтін, бірақ облыс орталығындағы шенді-шекпендінің біразы жақсы танитын бір «персона» тіркелген.
«Оны жезөкше дегеніміз тым артық болар, «эскортница» деген дұрыс. Өңір басшыларының жанынан жиі көрінетін сұлу қыздың аты-жөнін тізімнен оқығанда таңданғамыз жоқ. Өйткені әкімдікте оның «достары» аз емес. Оған «праймеризге қатыс» деп кім ақыл бергенін біле алмай, әкімдіктегілер бірін-бірі түртпектеп жырқ-жырқ күліп жүр», – дейді тұрақты оқырманымыз.
Википедияда «эскортницаның» түсініктемесі мынадай екен: 1. Сән бизнесінде: Іскерлік кездесулерде еріп жүретін эскорт-модель. Кездесулердің маңызына, ертіп жүрген тұлғаның мәртебесіне қарай ақы алады.
2. Элиталық кәсіби жезөкше: Әдемі түр-келбетімен, ақылымен, бірнеше тіл білетіндігімен, жүріс-тұрысымен, киген киімімен ерекшеленіп тұрады. Алатын ақысы қомақты болғанымен, әлеуметтік статусы жасанды келеді.
Оқырманымыз айтқан «персонаның» аты-жөні мен фотосын белгілі себептерге байланысты жариялай алмаймыз. Өйткені ол қазір эскорт-модель емес әрі билік партиясының өңірлік филиалында жауапты қызметте көрінеді...
1987 жылы Италияда «Чиччолина» деген лақап атпен белгілі порножұлдыз Илона Шталлер депутат болып сайланды. Радикалды партия атынан сайлауға түскен Илона партия жетекшісінен ғана кем түсіп, 20 мың дауыс жинаған. «Чиччолина» 1991 жылы сайлауда өтпей қалғанымен, «Махаббат партиясы» қозғалысын құрды. Парсы шығанағында соғыс өрті тұтанған тұста Илона Шталлер былай деп мәлімдеді: «Таяу Шығыста бейбітшілік орнату үшін Ирак диктаторы Саддам Хусейнмен төсектес болуға дайынмын».
«Чиччолина» мен В.Жириновский
«Чиччолина» дәл осындай ұсынысты 2006 жылы Усама Бен Ладенге де жасаған. Мұнысы енді әлемдік саясатқа қосқан үлесі емей, немене?!
Қылмыстық кодексте эскорт-модельді жауапқа тартатын бап жоқ. Ендеше, праймеризге қатысуға эскорт-модельдің де қақы бар! Тек қолдаушысы қоңды, өзі өңді болса болғаны...