1 Қазан 10:48
...

Праймериз: Депутаттық қанша тұрады?

Фото:

Бүгін «Нұр Отанның» праймеризіне қатысушыларға дауыс беру басталды. Билік партиясы біраздан бері алаулатып-жалаулатып келген саяси науқан аяқталуға таяу. Науқан аяқталғанымен, салдары біраз сөз болуы мүмкін. Өйткені...

Танымал саясаткерлердің бірі әлеуметтік желіде «Праймеризде депутаттық орын қазір қаншадан сатылып жатыр екен?» деген сауал тастапты. Билік партиясы «Нұр Отан» партияішілік іріктеу өткізіп, «кіл мықтыны шекеден шертіп таңдаймыз» деп жаһанға жар салып отырғанда, бұл сұрақ жұртты елең еткізді. Әрине, алдымен праймеризде «өз еңбегіммен топ жарам» деп үміттенген қатардағы адал «нұротандықтарға» бұл оңай тимесі анық.

Мәжіліс депутаттығына партияға еңбегі сіңген адамдар емес, ертең сайлау болады дегенде орта жолдан қосылған қалталы азаматтар қол жеткізген кезде, алай-дүлей дауыл тұрып, көшбасшылары мен белсенділер арасында «нағыз майдан» ашылып, шаңырағы ортасына түсе жаздаған партияларды да жақсы білеміз.

Әйтеуір, ел арасында «депутаттық орындар сатылады» деген қауесет толастамай тұр. Бұл не? «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегеннің кері ме, әлде билікті ұнатпайтындардың «ұрыста барлық тәсіл оңтайлы» деп ойдан шығарып жүргені ме?

Кей өңірлерде мектептерде еден жуушы болып жұмысқа тұрудың ставкасы кемі 200 мың теңге тұратынын ел жақсы біледі. Ал айлығы небәрі 40 мың теңге! Бұл рас болса, бизнестің дамуына даңғыл жол ашып беретін Мәжіліс пен Мәслихаттың ставкасы қанша?

«Осы қауесетке сенесіз бе?» деген сауалды саясаттың ішінде жүрген, ой-шұқырын бес саусағындай жақсы білетін тұлғаларға қойдық:

Тоғжан Қожалиева, тіркелмеген «Хақ» партиясының жетекшісі:

Дорба-дорба ақша ұсынып жүрген көрінеді

– «Мәжілістегі, мәслихаттағы орындар сатылады» деп бұрыннан айтылып жүр. Осы жолы ғайыптан тайып бәрі өзгеріп кете қоймас. Мұндай фактілер бойынша қолынан ұстап алған ешкім жоқ. Сондықтан дәлелдеу қиын. Кезінде билік тізгіні кейбір жоғары лауазымды тұлғаларға тигенде депутаттық орындардың ашық сатылып жатқаны жайында жиі естігенмін.

Мәслихат пен Мәжіліске өтсе, лоббистік мүмкіндік артады. Неге Алматының мәслихатында кілең бизнесмендер отыр? Олар қала бюджетін қарастырады. Өзінің немесе басқа бизнесмендердің мүддесін алға шығара алады. Партиялар Мәжілісте де бизнесмендердің лоббисіне айналғаны ешкімге құпия емес. Парламентте отырған бір партияның тау-кен өнеркәсібінің ашық лоббисі екенін бәрі біледі. Салық кодексі де – таза лоббистік құжат.

Естуімше, «Нұр Отанның» праймеризіне кейбір кәсіпкерлер келіп, дорба-дорба ақшасын ұсынып жүрген көрінеді. Өйткені, бізде қазір бизнес жоқ. Тек қана мемлекет төңірегіндегілердің бизнесі жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар бизнестің басты көзі болып отыр.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Мұндай нәрсе құпия жасалады

– Депутаттық орындар сатылады екен деп жұрт айтып жатады. Ол жағын нақты білмеймін. Бұл нәрсе жасалатын болса, астыртын, өте құпия түрде жасалады. Оны дәлелдеу аса қиын. Сондықтан кесімді жауап бере алмаймын.

Ермұрат Бапи, журналист:

Қазақстанда бәрі мүмкін

– Әлбетте! Мұның алдындағы  сайлауда «Ақ Жол» партиясына кірген бизнесмендер «партиялық тізімге кіру үшін депутаттық мандатты сатып алды» деген ақпарат тараған. Кімдер екенін нақты айта алмаймын. Бірақ соның ішінде Аман Рысқалиев партиялық тізімге ілігу үшін партияға спонсор болды, «басқа» болды, әйтеуір ақшаның көмегімен депутат болғанын нақты білемін. Біреулер мені осы сөзім үшін сотқа беруі де мүмкін. Одан жалтарып тұрғаным жоқ. Дегенмен, осындай ақпарат пайда болғаны есімде.

«Нұр Отан» партиясының тізіміне өз адамдарын кіргізу үшін олигархтар партияға спонсор болды деген де ақпарат шыққан. «Партияға спонсор болуға» бізде заңмен тыйым салынған. Елімізде партиялар тек қана бюджет есебінен қаржыландырылуы тиіс. «Праймеризге қатысып жатқандар партиялық тізімнің алдыңғы орындарына ілігуі үшін ақша төлеп жатыр» деген сөзді жоққа шығара алмаймын. Ол мүмкін! Ал Қазақстанның парақорлық жағдайын ескерсек, тіпті де мүмкін.

Болат Әбішев, қоғам қайраткері:

Бағасын билік басындағы біреулер белгілейді

– Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде бәрі ықтимал. Елбасы «Билік партиясын әлеуметтік лифт» деп атады. Билікке келгілерің келсе, біздің партия арқылы келесіңдер, басқа жол жоқ дегенді ұқтырды. Расында да, солай. Қазақтың балаларына басқа жол жоқ. Тек партия арқылы парламентке, мәслихатқа өтуге болады. Уақыт өтіп барады, жасы келіп тұр. Енді не істейді?

Мұндай адамдарға билік басындағы біреулер бағасын белгілейді, тағы бір нәрсе сұрайды. Ондай жерде жемқорлық болады. Бірақ анығын білмеймін. Бірақ мүмкін нәрсе екенін айтқым келеді.

Тегтер: