24 Тамыз 16:44
...

Полицияға ұсталған мас жүргізуші «жолаушы» екенін айтып құтылмақ болды

Фото:

Жолдың қызығы мен шыжығы көп. Жолға  қатысты жамбылдық полицейлердің бөлісер күлкілі оқиғалары аз емес. Мәселен, Тараз қаласының аумағында түнгі мезгілде Патрульдік полиция батальоны қызметкерлері арнайы рейдтік іс-шара жүргізген. Сонда еріксіз езу тартар жайтқа тап келген.

Алматы, NEGE.  Төтесінен бастасақ, оқиға былай өрбіген. Полицейлердің бірі жол ережесін бұзған автокөлікті байқап қалған. «ВАЗ-2114» маркалы көліктің жүргізушісі қулыққа басып, полиция қызметкері автокөлік жанына келгенше артқа  аттап өтіп, жолаушылар отыратын орындыққа жайқасып алған. Құқық қорғаушылар келіп, мән-жайды сұраса, жүргізушінің қайда екендігін білмейтіндігін, көлікті өзі жүргізбегендігін айтып, ант-су ішкен.

Тексеру барысында оның мас болғаны анықталды. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соттың шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды.

Әрине, бұл оқиға күлкілі болғанымен, көлікті мас күйінде жүргізу аса қауіпті. Қанша жерде айыппұлды арттырып, заңды қатаңдатса да, ішіп алып, рульге отыру әзірге тыйылмай отыр.

Айталық, 21 тамызда Мойынқұм ауданы полиция бөлімі қызметкерлері рейд барысында күдікті автокөлікті байқаған. Полициялердің тоқтау туралы ескертуін елең қылмай, көлік жүргізушісі қашпақшы болыпты. Алайда көп ұзамай ұсталған.

Құқық бұзушы осы ауданның 27-жастағы тұрғыны екен. Көлікті мас күйде басқарыпты. Сондай-ақ, бұрын осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін 3-жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Бұл рейдтер ­­ жол ережесін бұзудың жолын кесіп қана қоймай, заңсыз есірткі айналымына да тосқауыл болып отыр. Жамбыл облысы Полиция департаментінің Патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жол ережесін бұзған "Ауди 4" маркалы автокөлігін тоқтатады. Көлікті "Макс" қызметтік итімен тінтіп көреді. Иісшіл ит көліктен "марихуана" есірткісін тапқан.

Сараптама қортындысына сәйкес, кептірілген марихуана есірткі затының салмағы ­– 77,63 гр. Күдікті Байзақ ауданының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол кінәсін толық мойындап, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тегтер: