28 Тамыз 16:13
...

Полиция дүкендерді қалай тонап жүр?

Фото:

Әлеуметтік желілердің бірінде бір қызық бейнеролик жария болды. Онда полиция қызметкерлерінің дүкен иелерін бопсалап, ақша «сындырудың» құйтырқы схемасы анық көрінген. Бір өкінішті жайт, мұның қай өңірде болғаны әзірге белгісіз. Сатушы мен алаяқ полицейлердің аты-жөні де жұмбақ. Бұл бейнежазба дүкеншінің камерасынан алынған. Сатушының айтуынша, бұл оқиға 21 тамызда, 11.30-да болған. Схеманың қалай жұмыс істейтінін сатушының өзі  түсіндіріп, тәпсірлеп берген.

Сонымен...

Дүкен маңындағы автокөлік тұрағында бірнеше жеңіл мәшине тұр. Соның бірінен ішкілікке салынған егде жастағы кісі түсіп, дүкенге келеді. Қолында қара пакеті бар. Пакетте бөтелкелердің сұлбасы анық байқалады. Ол дүкенге келіп, арақ сатуды сұрайды. Сатушы: «Сағат 12-ге дейін ішімдік сатпаймыз», – деп бас тартады. Клиент темекі сатып алғысы келетінін айтады. Дүкен қожайыны қалаған темекісі мен артық ақшасын қайтарып береді. Ол жөнімен кеткендей болады.

Араға бірер минут салып, әлгіні жетектеп, екі полиция қызметкері кіріп келеді. Олар бір көліктен көліктен түседі. Қара пакеттегі арақты осы дүкеннен алғанын, айыппұл салатынын айтып, бопсалай бастайды. Әбүйір болғанда, дүкеннің ішінде де, сыртында да бейнекамералар қойылыпты. Сатушы компьютерін ашып, бейжазбасын толық көрсетіп, арақты сатпағанын нақты дәлелдейді. Ол камералар жоқ дүкен болса, бұл оқиға немен тынар еді? Бұл сұрақ дүкен қожайынын да, бізді де қатты қызықтырып отыр.

Арты ашылып қалған соң, полиция қызметкерлері кешірім сұрап, бұл жағдайды ешкімге айтпауын өтінген. «Алқашты» алдына салып, дереу тайып тұрады. 

«Бұлар бюджетті біздің есебімізден толтыра бермек пе? Біздің не жазығымыз бар? Отбасымызды асырып отырмыз. Бес баламыз бар. Қайта-қайта келеді. Тығылып келеді. Бір қателігім –  осы қызметкерлердің құжаттарын сұрап, аты-жөндерін біліп алмаппын», – деп өкінеді дүкенші. 

Тегтер: