12 Желтоқсан 12:24
...

Полиция қол қусырып отыр: Ақнәр Хамиттің анасы істі Астанаға ауыстыруды сұрады

NEGE
Фото: NEGE

Алматыдағы тұрғын үй кешенінде жетінші қабаттан құлап қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Хамиттің өліміне қатысты іс әлі толық шешілмеді. Марқұмның анасы Гүлстан Хамит әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін айтып, істегі жаңа мәліметтерді жариялады.

Астана, NEGE. Елордада өткен брифинг кезінде ол қызының өліміне қатысы бар деп күдікке ілінген құрбылары әлі де бостандықта жүргенін айтты. Оның сөзінше, Ақнәрға физикалық қысым көрсетіліп, кейін балконнан лақтырылуы мүмкін. Алайда соған қатысты айғақтар бола тұра, тергеу баяу жүріп жатыр.

Гүлстан Хамиттің айтуынша, күдікке ілінген қыздар оқиға кезінде де, жедел жәрдем келген кезде де еш әрекет жасамаған. Ақнәр реанимацияда жатқанда да келмеген.

Оқиға куәгері, Ақнәрдің құрбысы Дидар марқұмның анасына бір жылдан кейін өзі хабарласқан.

«Дидар маған бір жыл өткен соң өзі хабарласты. Барлық жағдайды баяндап берді, көмектесуге дайын екенін айтты», – дейді Гүлстан Хамит.

Ол тергеу барысында бірқатар өрескел қателік жіберілгенін атап өтті. Оқиға орнынан маңызды айғақтар алынбаған, Ақнәрдің жеке заттары жоғалған. Қыздың заттары он күн бойы куәгер Дидардың енесінің үйінде сақталып келген. Сонымен қатар, Ақнәрдің сынған тырнағы да табылмаған.

Гүлстан Хамиттің сөзінше, тергеу екі қыздың сөзін ғана негізге алып, оқиғаға қатысы жоқ адамдардан жауап алу арқылы істі «өз-өзіне қол жұмсау» деп бұрмалап отыр. Оның пікірінше, бұл тергеудегі қателіктерді жасыру үшін жасалып жатыр.

«Құқық қорғау органдары өз қателігін жасыру үшін Ақнәрді психологиялық ақауы бар адам етіп көрсеткісі келеді. "Бұрыннан өзіне қол салуға бейім болған" деген нұсқаны өткізуге тырысып жатыр. Мен қызымның аруағы үшін соңына дейін барамын», – деді ол.

Гүлстан Хамит оқиға болған күні пәтерден есірткі табылғанын да мәлімдеді.

«Маған сол оқиға орын алған үйді жинастыруға келген қыздар хабарласты. Болған жағдайдан кейін пәтерде клининг жасалған. Қыздар сол үйден шегетін шөптің табылғанын айтты», – деді ол.

Марқұмның адвокаты Инга Иманбайдың айтуынша, қылмыс болғанын дәлелдейтін айғақтар жеткілікті. Соған қарамастан, іс Қылмыстық кодекстің 105-бабы – «өзіне қол жұмсау» және «өлімге итермелеу» бойынша тергеліп жатыр. Адвокат мұны істі әдейі басқа бағытқа бұру деп есептейді және істі қайта саралауды талап етуде.

Гүлстан Хамит істі Алматыдан Астанаға ауыстыруды сұрады. Өйткені қазіргі тергеуге сенбейтінін айтты. Егер әділдікке қол жеткізе алмаса, халықаралық ұйымдарға шағымданатынын мәлімдеді. 

Тегтер: