6 Қаңтар 12:54
...

Полиция әнші Мұқасан Шахзадаевтың қазір қайда екенін айтудан бас тартты

Мұқасан Шахзадаев
Фото: instagram/mukassan_shakhzadayev

Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция басқармасы «Нұр-Мұқасан» тобының бұрынғы әншісі Мұқасан Шахзадаевтың ісіне қатысты пікір білдірді.

NEGE редакциясы полицияға Мұқасан Шахзадаевқа қатысты ресми сауал жолдап, бірнеше сұрақ қойған болатын. Алайда полиция басқармасынан мардымды жауап ала алмадық.

«Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция басқармасы аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-тармағы «денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде», – делінген ресми жауапта.

Наурызбай аудандық полиция басқармасы Шахзадаевтың қазір қайда екенін айтпады. Оған бұлтартпау шарасы қолданылды ма? Құзырлы орган бұл сұрағымызды да жауапсыз қалдырды. Жақында оның әлеуметтік желіде тойда жүрген видеосы тараған еді. Полиция тергеуге қатысты өзге мәліметтерді таратуға болмайтынын алға тартып отыр.

@nurba__07 #😂😂😂 #шоуменнурба #мұқасаншахзадаев ♬ оригинальный звук - NURBEK SALAMATOV

«ҚПК 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жариялауға жол берілмейді, ол прокурордың рұқсаты бойынша, басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбаған жағдайда ғана жария етілуі мүмкін», – делінген хабарламада.

әнші
Фото: Ernur.kz

Жәбірленуші Ғалымжан Сүлейменнің қорғаушысы Инга Иманбайдың айтуынша, желтоқсан айының соңында қылмыстық іс бойынша беттестіру өткен. Ал, бұлтартпау шарасын қолдану істің ауыр-жеңілдігіне байланысты. Мұқасан Шахзадаевқа орташа ауырлықтағы зиян келтіру бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша сот үкімі шыққан жағдайда үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделуі мүмкін. Инга Иманбай бұлтартпау шарасы әдетте бес жылдан жоғары жаза көзделген баптар бойынша қолданылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бес жылға дейінгі жаза қарастырылған істерде бұлтартпау шарасы қолданыла бермейді. Мұндай жағдайда тергеу органдары тергеуге шақырылған кезде міндетті түрде келу туралы бұлтартпау шарасын ғана таңдайды.

«Егер салған дене жарақаттары ауыр болса, біз бұлтартпау шарасын қолдануды талап ете алатын едік. Сот-медициналық сараптамасы шықты. Алған жарақаттары орта деңгейде. Қазір тергеу жүріп жатыр. Істің сотқа жетуін, тиісті жазасын алуын талап етеміз және соңына дейін барамыз», – деді Инга Иманбай.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Нұр-Мұқасан» тобының жаңа әншісі Ғалымжан Сүлеймен әлеуметтік желіде өзін топтың бұрынғы мүшесі Мұқасан Шахзадаев ұрып кеткенін мәлімдеген болатын. Аталған іске қатысты Алматы қаласы полиция департаменті қылмыстық іc қозғалғанын хабарлады. Кейін күдікті Мұқасан Шахзадаев ұсталып, оған қатысты жедел тергеу әрекеттері басталғаны айтылды.