Полиция Алакөлде күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Полиция Алакөлде профилактикалық шараларды күшейтті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Жазғы туристік маусымның басталуына байланысты Алакөл жағалауында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Басты басымдық — қоғамдық тәртіпті сақтау, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өңірге келген демалушыларға жайлы жағдай жасау. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл ретте санитарлық нормаларды бұзу, рұқсатсыз саудамен айналысу, сондай-ақ жағалау аумағындағы тазалық пен тыныштықты бұзатын құқыққа қарсы әрекеттерді анықтауға ерекше назар аударылуда.
Маусым басталғалы бері полиция қызметкерлері 300-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ең көп тіркелгені — ортақ пайдаланудағы орындарды ластау бойынша 141 жағдай. Сонымен қатар мал жаюға тыйым салынған аумақтарда — 74 жағдай, абаттандыру қағидаларын бұзу — 15, рұқсат етілмеген жерде сауда жасаудың 22 дерегі анықталды. Сондай-ақ көлік құралын мас күйде басқарудың 13 жағдайы, құжатсыз басқарудың 7 дерегі және жаяу жүргіншілер тарапынан 8 құқық бұзушылық тіркелді.
Тәртіп сақшылары профилактикалық жұмысты тұрақты түрде жүргізіп жатыр. Демалушыларға қоршаған ортаға ұқыпты қарау, санитарлық талаптарды сақтау және қоғамдық орындарда мәдениетті мінез-құлық көрсету қажеттілігі ескертілуде.