Полицейдің қалай қаза тапқаны белгілі болды
Қостанай облысында бұзақыны тоқтатпақ болған полиция қызметкері Дархан Базарбаев қаза тапты. Бүгін облыстық полиция департаментінде осы іске қатысты брифинг өтті.
Алматы, NEGE. Брифингке бұзақының шабуылынан аман қалған Алексей Золоторенко келді. Жәбірленушінің айтуынша, оқиға былай болған: «Ол (күдікті – ред.) қонаққа келген. 15 минуттай отырған соң біз оған «жатып демал» дедік. Бұған ол өкпелеп қалды да, қорқыта бастады. Біз көшеге шықтық, ол мені ұрып жіберді. Мен де ұрдым. Сол үшін менің отбасымды қырып салмақ болып, пышақ әкелуге кетті» дейді Золоторенко.

Осы кезде оның шешесі мен әйелі полиция шақырып, күдіктінінің үйінің есігін сыртынан жауып тастаған. Ең бірінші сержант Дархан Базарбаев есікті ашқан. Оның қолында тек резеңке таяғы ғана болыпты. Оның артынан аэрозоль құтысы бар сержант Сыздықов жеткен. Есік ашыла салғанда ол Сержан Базарбаевтың кеуде тұсына пышақ салыпты. Жараланғанына қарамастан сержант оның қолындағы пышағын қағып түсірген. Осы кезде екінші сержант күдіктінің бетіне аэрозоль шашып үлгеріпті.

Полиция басшыларының айтуынша, экипаждың жабдығы түгел болған, оқ өткізбейтін кеудешелері көлікте жатқан.
«Оларда табельдік қару да болған. Бірақ олар жағдайды бағамдай келе, күдіктіні арнайы құралмен және самбо тәсілімен ұстауды ұйғарған» дейді Қостанай облыстық ПД жергілікті полиция басқармасының басшысы Құрмет Мәжікенов.
Қ.Мәжікеновтің «экипаждың жабығы түгел болған» деген сөзіне сенуге бола ма? Қарусыз полицейдің айдың-күннің аманында ішкілікке салынған әлдекімнің қолынан қаза тапқаны көңілге күдік ұялатты.