24 Ақпан 13:11

«Жас Алашта» тағы бас редактор ауысты

Фото:

Бір ай бұрын Республикалық «Жас Алаш» газетінің бас редакторы болып тағайындалған Инга Иманбай қызметінен кетті. Оның орнына Қайрат Матреков бас редактор болып тағайындалды. Тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайдың жары Инга Иманбай газеттің бар-жоғы бірнеше нөмірін ғана шығарып үлгерді.

Сенімді ақпарат көзінің айтуына қарағанда, Инга Иманбайға бір ай сынақ мерзімі берілген. Егер осы уақыт ішінде білікті басшы, сауатты журналист ретінде өзін көрсете білсе, келісімшартты ұзарту көзделген. Алайда Инга Иманбай газет құрылтайшыларының көңілінен шықпаған сияқты. Газеттің «Демпартия листовкасына айнала бастағанын» байқаған құрылтайшылар шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр болған.

Қайрат Матреков кім? Мамандығы педагог Қ.Матреков бұған дейін бірқатар мекемелердің баспасөз қызметінде, ҚазТАГ агенттігінде, 365info.kz сайттында жұмыс істеген.

Ғасырға жуық тарихы бар «Жас Алаш» газетінде соңғы уақытта бас редактор тұрақтамай жүр. Келесі жылы 100 жылдық мерейтойы өтетін алдаспан басылымның жаңа басшысы мен ұжымына Nege.kz порталының редакциясы сәттілік тілейді.    

Тегтер: