Жаңа салық саясаты: Кімге жеңілдік, кімге салмақ?

14 мамыр, 07:29
Жаңа салық саясаты: Кімге жеңілдік, кімге салмақ?
Фото: akorda.kz

250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар бұдан былай табыс салығын 7 пайыздық мөлшерлеме бойынша төлеуге тиіс. Яғни, қазіргі 10 пайыздық мөлшерлемеден азаяды. Ал, айына 300 мың теңгеден 1,5-2 миллион теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10 пайыздық мөлшерлеме сақталады. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастама.

Мемлекет басшысы Үкіметке берген жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу туралы тапсырма беріп, Алматыға жұмыс сапары барысында мұның мәнін егжей-тегжейлі түсіндірген болатын. Президент «осы жаңалықтың мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету» екенін мәлімдеген. Қасым-Жомарт Тоқаев «жылына 25 миллион теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме көлемі артуы тиіс» дейді. Айта кететін жайт, мөлшерлеме көлемін Үкіметтің комиссиясы анықтайды. Мемлекет басшысы жеке табыс салығының пайыздық мөлшерлемесінің жоғарғы шекті деңгейі 15 пайыздан аспауы керек екенін айтты.

Сарапшылар дағдарысқа қарсы, халықтың әлеуметтік ахуалын қамтамасыз етуге, салық саясатына қатысты осындай бастамаға оң баға беріп, қосымша ұсыныстарын жеткізді.

Әбдірашит Бәкірұлы: Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидаты

– Көп пайда тауып отырған адам қоғамға көбірек көмек көрсетуі тиіс. Табысы күн көрісіне әрең жетіп отырған адамдар сол қоғамнан жәрдем алуы керек. Табысы аз адамдардың салығын жеңілдету – аз да болса, көмек. Бұл – қоғамның жауапкершілігі, әлеуметтік әділеттілік қағидаты. Бізде халықтың 90 пайызы орташа, орташадан төмен айлыққа жұмыс істейді. Ал жоғары жалақы алатындар – халықтың аз ғана пайызы. Бірақ олар да салық жағынан өзгелермен теңестірілген. Прогрессивтік салықты енгізу Қазақстан мемлекеті үшін, қоғам үшін болашақта пайдалы болады. Теңестірілген салық жағдайында адамның қоғамға, мемлекетке, отанына деген жауапкершілігі сезілмейді. Кедей адамның табыс салығы азайса, мемлекет тарапынан қамқорлықты сезінеді. Бай адам салықты көп төлеп, адамдарға көмегін тигізіп жатқанын, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Мұндай салық әлеуметтік жауапкершіліктің туындауына ықпал  етеді.

Әзімбай Ғали: Экономиканы жандандыруды көздейді

– Қазақстанда әлеуметтік жағдай төмендеп бара жатыр. Оның үстіне, коронавирустың әсері тағы бар. Экономикалық қарым-қатынастар үзіліп, кейбір кәсіпорындардың жұмысы тоқтады. Қазіргі экономикалық өмірді жандандыру үшін «тікұшақпен ақшаны лақтыру керек» деген ұғым бар. Алдымен әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға 42 500 теңгеден ақша беріліп жатыр. Олардың жағдайы ауырлау. Елде ақша болса, экономикалық өмірді жандандырады деген түсінік бар. Экономикаға қан жүгірту мақсатымен белгілі бір шығындар қарастырылып отыр. Өкінішке қарай, мұнай бағасы қатты түсіп кетті. Дәл қазір халықтың тұрмысын жақсарту, әлеуметтік толқуды болдырмау мақсатымен сол ақшаны қоғамның әлжуаз әлеуметтік топтарға тарату экономиканы жандандырады. Осындай сенім бар. Ұлттық қордағы ақшаны сыпыра жұмсай бермей, басқа да кіріс көздерін ойластырып жатыр. Осы уақытқа дейін «ұлттық буржуазиямыз» деп, дәулеттілерді мәпелеп өсіріп келді. Енді оларға экономикалық тұрғыда салмақ салған дұрыс.

Бөріхан Нұрмұхамед: Ештен кеш жақсы

– Жалпы салық саясатына көңіл бөлгені дұрыс деп есептеймін. Бұл мәселені бұдан бірнеше жыл бұрын қолға алу керек еді. Әзірше өкіметке тапсырма берілді деген әңгіме айтылды. Салық саясатының маңызды мәселелері ғана сөз болды. Көп нәрсе әлі талқыланады. Өзгеріске түседі.

Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, бұл жерде екі ғана мәселе бар. Біріншісі, 300 мың теңге жалақыға дейін бұрынғыдай 10 пайыз емес, 7 пайызға төмендету ұсынылып отыр. Екіншісі, салықты 15 пайызға дейін көтеру. 300 мыңнан 2 миллионға дейін табыс табатындарда 10 пайыз қала бермек. Бұл – дұрыс бастама.

АҚШ-тың салық саясатындағы тәжірибесі де жаман емес. Ол жақта тапқан табысына емес, сатып алған затына байланысты салық төлейді. Мұны да қосымша пайдалануға болады.