16 Желтоқсан 14:30

Қыжыртпа. «Яблоко» Һәм «Дедушка» хақында

Фото:
 «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген тәмсіл бар. Бірақ бұл тәмсіл кей-кейде тура келмей, сыр беріп жатады. Мәселен, Титаникті білесіз..

.

Алматының атауын өзгерткісі келетіндер болған. Қазір де бар. Бола да береді. Біреуге «Алма-Ата» ұнайды, біреуге «Верный» жағымды. Тағы біреулер үшін орыстың да, қазақтың да тілі келмейтін таңба-жазулы бір атауды лайық көруі мүмкін. Бірақ, «Яблоко» Һәм «Дедушка» атауы неге соншалықты сүйкімді естілетінін, оның қай жері әдемі екенін қазақша хат танып, тіл сындырған адамдар өмір бойы түсінбей өтетін шығар. Не деуші еді мұндайда? Опшым, әр кәлләда бір қиял. 
Бірақ, көңілге қаяу келетін ештеңе жоқ бұл жерде. Басқа басқа, дәл Алматы атауы мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде өзгермейді. Бұған алаңдамасаңыз да болады. Қазақтар бұл шаҺарды Кеңес Одағы тұсында да «Алматы» деп келді. Әлі де дей береді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ал «Алма-Ата» деген атауына таңылып, қыңырлық танытқандар әлі күнге дейін солай жазып, солай атап жүр. Шынтуайтында, қазақтардың солтүстік көрші елді – «Ресей», астанасын «Мәскеу» деп атағаннан орысқа келіп-кетер пайда не, зиян не? Бұл да сондай. Орыс тілінде атауы өзгергеннен Алматының ауасы тазарып, халқының дәулеті тасыр болса, кәнекей!

Бүйректен сирақ шығарып жүрген – Олжас Сүлейменов көрінеді. Оның ұстанымдарын, кім екенін түсінбегендіктен, қолына қалам ұстаған қазақтардың дені оны бір түйреп өтпесе, басы ауыратын жағдайға жеттік. Бұдан кейін де шабуыл біраз уақытқа дейін үдейтін шығар. Шындығында, Олжас кім? Рас, қазақ. Ұлты құжатында солай көрсетілген. Бірақ, ол қазақтың ақыны емес, қазақ мәдениетінің өкілі де емес қой. Қазақ ақыны болатындай, қазақша екі жол өлең жазып көрген бе еді? Дұрысы, кеңес мәдениетінің өкілі. Шығармаларын орыс тілінде жазды. Орысша оқып-тоқыды. Бойына орыс мәдениеті  мен орыс дүниетанымын сіңірді. Оның «Мамыыыыырррр» деген қандай жаман естіледі, мен үшін бұл ай құлаққа жағымды «май» болып қала береді», – дегенін өз құлағыммен естігенім бар. Мұндай адамнан басқа не күтесіз? «Алма-Атадан» басқа. 


Шындығында, атауға келіп тіреліп тұрған да түк те жоқ. Мәселе – затында. Айталық, Олжасты қазақ деп өзімізді алдаусыратудың, өкпелеудің еш реті де болмас. Керісінше, тегі басқа болғанмен, заты қазақтар аз емес. Мәселен, Үш Татьянаны кім қазақ емес дей алады? Әкесі – орыс, шешесі – кәріс Головкин қазақпын деген жоқ па? Сонда ол тегі бөтен болған соң, қазақтың батыры бола алмай ма?

Өмірден Герольд Бельгер деген ақсақал өтті. Ол кісі ұлтын өмір бойы «неміспін» деп деді. Қазақ екенін мойындамады. Тек «Қазақ ауылының патриотымын» деуге ғана жетті шамасы. Германияда оны білетін адам саусақпен санарлықтай ғана шығар. Ал иісі қазақ оны өзінің абыздарынан бір мысқал кем көрмеді. Сонда оның кім болғаны?  Бұлар қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдері. Головкин, Бельгерлер – қазақ, Олжас – қазақстандық екенін ұмытпау ләзім.    

Ұлты қазақ болған соң, бір империяның барлаушы офицерлерін де, коммунистерді де және басқа елде сұлтан болғандарды мақтан етеміз. Бірақ қазақ еліне, жеріне сіңген еңбегі қандай? Ол жағын ескере бермейміз. Қазақстанға ерен еңбек сіңіргендерді кейде тегі бөтен деп елемей қалып жүрміз. Бұдан арылатын кез жетті. 

Әйтеуір, соңғы кездері түк бітірмесек те, атау ауыстырғанға құнығып алдық. Бояушы бояушы дегенге сақалымызды да боядық. Өз басым жер-су, қала аттарын, көше аттарын бас сап ауыстыра бергенге қарсымын. Неге дейсіз бе? Айтайын. 
Бельгер демекші, неміс деген халық бар. Бір емес, екі дүниежүзілік соғыста жеңілді. Тас-талқан болды. Қалаларын аралап шықсаңыз, сол соғыстың ескерткіштері әлі тұр. Қираған, өрт шалған ғибадатханалардың, вокзалдардың орны, жұрнағы. Бір кездері сәулеті көздің жауын алатынын ғимарат болғаны қирандыдан-ақ анық байқалады. Оны сүзіп тастап, орнына заманауи, керемет үй, кеңсе, сауда орталығын салуға немістердің ақылы жетпей қалған жоқ. Әдейі қалдырыпты. Неміс ұлтының жойылуға шақ қалғанын, еркінен айырылғанын, ертегіде айтылатын шаһарлардан да сәулетті, көрікті қалаларының күлге айналғанын келер ұрпақтың көріп жүруі үшін. Соғыс дегеннің қандай нәубет әкелетінін ұмытпауы үшін. Бұл да тарих. Неміс халқының тарихы. Жақсы болсын, жаман болсын. 

Ал біз не істеп жатырмыз? Тарихтан хабар беретін атауларды түгел құртып жатырмыз. Өйткені, ұнамайды. Сонда тарихымыз ұнамай ма? Бодан болғанымыз, өзге жұрт келіп, қала салып, жерімізге, елімізге иелік еткені жақпай ма? Бірақ мұның бәрі болды емес пе? Мұны неге ұмытуымыз керек?

Қала, көше атауларын да, сол дәуірден қалған ескерткіштерді өзгертпей сол күйі сақтайық. Ұрпаққа сабақ болсын! Осалдық танытсаң, тарихтың тағы қайталанатынын есімізге салып тұрсын! Ұнамаса, бетімізге шіркеу болып тұрсын. Аты өзгерсе, бір күнде заты да өзгеріп кете ме? Қайдам...
Тарих жайлы да там-тұмдап айтып қалдық. Сол тарихқа көз жүгіртейікші. Заман өзгереді, заң өзгереді. Күн көсемдердің есімі күн өткен сайын көмескіленеді. Сталинград, Ленинград қалалары қайда қазір? Бұл қалаларды жер жұтып кеткен жоқ. Тек аты басқаша аталады бүгінде. Бірақ Алматы мен астана атауы қала береді. Астанамыздың атауы Ақмола ма еді? Не еді? Елордамыз жиі өзгере берген соң, қара басып шатаса да бастадық. Барлық көше атаулары бір күнде өзгеріп кетіп, өмір бойы тұрып келген туған қаласында адасқан кемпір-шалдардың ренішін өзім енді ғана түсінгендеймін. 
Қысқасы, немістер секілді тарихтан сабақ алуды ұмытпайық дегенім ғой, жәй әншейін! Басқаша түсінсеңіз, ол – сіздің пікіріңіз. Менікі емес, бірден айтамын. Қолдамасам да, сіздің пікіріңізге құрметпей қараймын. Еш ренжімеймін. Шыным. ОлаҺи-біляҺи!

Серік Оңалбек

Тегтер: