22 Маусым 10:14

Вице-министрлердің ісі: Басты сот талқылауы 28 маусымда басталады

Фото:

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотында сот төрағасы К.Имашев бұрынғы энергетика вице-министрлері Б.Жақсалиев пен Ғ.Сәдібековтің және осы іс бойынша айыпталған тағы алты адамның қылмыстық ісіне байланысты басты сот талқылауын 28 маусымға белгіледі.

Кеше алдын ала сот талқылауында айыпталушылардың адвокаттары соттан істі прокуратураға кері қайтаруды және қылмыстық істі мүлдем тоқтатуды сұраған. Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаушы – Ақмола облыстық әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Б.Жаханова да істі кері қайтаруға қарсы емес екенін мәлімдеген.

Алайда судья К.Имашев адвокаттардың қылмыстық істі қысқарту туралы өтінімін қанағаттандырмады. Ғ.Сәдібековтің адвокаты А.Шайхина істі кері қайтару туралы өтінімге қатысты сот қаулысында неге нақты жауап берілмегенін сұрады. Судья К.Имашев «мұны басты сот талқылауында қараймыз» деп жауап берді.

Айыпталушы Д.Дуанбектің адвокаты С.Аманғалиев іспен танысуды бүгіннен бастауды және Бас прокуратурадан қылмыстық істегі қосымша томдардың көшірмесін жасап беруді сұрады. Бірақ бас прокуратура өкілдері «бізде сканер жоқ, тергеушіден сұраңыз» деп жауап берді...   

Тегтер: