10 Қаңтар 11:54

Ұшақтың қара жәшігін Иран неге бермей отыр?

Фото:

Би-Би-Сидің орыс қызметінің хабарлауынша, Канаданың премьер-министрі Тегеранда болған ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады.

Алматы, NEGE. Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо былай деп мәлімдеді: «Бізде көптеген ақпарат көзінен келіп түскен айғақтар бар. Ұшақты Иран зымыраны атып түсірген. Қателікпен атып түсіруі де әбден мүмкін».

Канада украиналық ұшақтың құлауына байланысты түсініктеме талап етіп отыр. Оның себебі бар, апаттан Канаданың 63 азаматы қаза тапты.

Канада премьерінен соң іле-шала Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон да мәлімдеме жасады.

«Жиналған ақпараттарға қарағанда, ұшақты ирандық «жер-әуе» зымыраны атып түсірген. Және бұл әдейі жасалмауы мүмкін» деді Джонсон.

Бұған дейін АҚШ-тың бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Пентагондағы дереккөзге, америкалық және ирактық барлауға сүйеніп, ұшақты Иран зымыраны атып түсіргенін жазған.

Америкалық Си-Би-Эс агенттігі де барлаудан алған дерек бойынша «радарлар екі зымыранның инфрақызыл ізін байқаған соң, артынша әуеде жарылыс болғанын» жазды.

Рейтер ақпарат агенттігі де АҚШ билігіндегі ақпарат көзінің дерегіне сүйеніп, «ұшақтың Иран зымыранымен атып түсірілгенін» хабарлады. Өйткені украин ұшағын иран радары қадағалап отырған.

Newsweek басылымы Пентагондағы лауазымды адамның сөзімен былай деп жазды: «Украинаның Боинг 737-800 ұшағы Ресейдің «Тор» зымыранымен атып түсірілді».

АҚШ президенті Дональд Трамп кеше ұшақтың техникалық ақау салдарынан құлағанына сенбейтінін, «әлдекім қателік жасап, зымыран жібергенін» айтты.

Ал енді Иран тарапы не дейді? Иранның азаматтық авиация басқармасының басшысы Әли Абеджадех бұл мәлімдемелерді «ақылға сыймайтын алыпқашпа әңгіме» деп санайды.

Қай жағынан алсаңыз да украиналық ұшақты зымыранмен атып түсіру ақылға сыймайды» деді ол.

Украина да ұшаққа зымыран тиюі мүмкін екенін мәлімдегенімен, Иран мұны жоққа шығарып отыр.

АҚШ пен Иранның арасы ушығып тұрған тұста жолаушылар ұшағы апатқа ұшырауы мәселені одан әрі күрделендіре түскендей. Тегеран ұшақтың қара жәшіктерін Боинг компаниясының мамандарына да, АҚШ билігіне де бермейтінін айтты.

Халықаралық тәртіп бойынша, Иран өз бетінше зерттеу жүргізуге құқылы, бірақ Боинг мамандары зерттеуге қатысуы тиіс. Иранның «ешкімді араластырмаймыз» деуінің өзі біраз жайттан хабар беретіндей. 

Тегтер: