5 Қараша 17:06

Үш күнге – 1 млн теңге. The Ritz Carltone қонақ үйінде кім жатты?

Фото:

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі The Ritz Carltone қонақ үйінің люкс нөміріне әлдебір мәртебелі қонақ үшін үш күнге 1 млн теңге төлеген. Бұл туралы PROTENGE телеграм-каналы жазды.

Құрметті қонаққа үш күнге люкс нөмірді 1 млн теңгеге жалдаған әкімдік тәулігіне 336 мың теңгеден төлеген. Құжаттарға қарағанда, Нұр-Сұлтандағы аса қымбат қонақ үйлердің біріндегі люкс нөмірде Башқұртстанның президенті Радий Хабиров жатқан.

Nege.kz тілшісі башқұрт басшысының Нұр-Сұлтанға келген-келмегеніне көз жеткізді. Қыркүйек айының соңында Р.Хабиров шынымен де Нұр-Сұлтанға келген екен.

Башқұртстан президенті Р.Хабиров.

Башқұртстанның bashinform.ru сайтының жазуынша, Р.Хабиров әлеуметтік желідегі парақшасында Нұр-Сұлтан қаласын «таңқаларлықтай сұлу» деп бағалап, былай деп жазған: «Туристік көзқараспен қарағанда, қала өте қызықты. Қаланы салуда ерекше шешімдерге сүйенген. Бұл туралы біз Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен болған кездесуде талқыладық. Бұл қалада рахаттана жұмыс істейтін боламыз. Әрі қарай жылжи береміз».

«Башинформның» жазуынша, Қазақстанға Башқұртстаннан үлкен делегация барған. Құрамында 33 ірі компанияның басшылары болыпты. Тараптар болашақтағы әріптестік мәселесін талқылаған.

Тегтер: