28 Ақпан 06:14

Үлкен ойында Ресей «әке-шешенің» рөлін ойнағысы келеді

Фото:
Бүгін Мәскеуде «аралық елдер» мәселесін шешу туралы сарапшылар баяндамасының таныстырылымы өтті. «Аралық елдер» деп

Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Молдавия мен Украины атап отыр. Бұл, орыс сарапшыларының пікірінше, аймақтағы шиеленістің шешімі болмақ. Ресейлік сарапшылардың ұсынысы мынаған саяды: АҚШ пен Еуроодақ «балабақшаның тәрбиешілері» де, ал Ресей – «әке-шешенің» рөлін ойнамақ. «Балаларға» қойылатын талап – ештеңені бүлдірмей, тыныштық сақтап отырса болғаны.

«Аралық елдерге» ұсынып отырған «үшінші жол» – бейтараптық сақтаса, қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Осылай «тәрбиешілерге» көңілі кеткен мазасыз көршілерін залалсыздандырмақ. Сарапшыларды «аралық елдердің» болашағы емес, солар үшін Батыс пен Ресейдің қауіпті әрі құрдымға кетіретін бәсекелестікке тап болғаны «қатты қынжылтып» отырған жайы бар. Олар аймақтағы қауіпсіздікті АҚШ, Ресей және ЕО бірге шешуге шақырады. «Аралық аймақ» елдері тек қана өздерінің мүддесі көрініс беретін тұрақты отырыстарға қатыса алады. Батыс «аралық елдерді» өз қосынына тартудан бас тартуы тиіс. Ұялған болуы керек, Ресейге де осы талапты қойыпты. Аралық елдер болса, бейтараптық танытуы шарт.

Сарапшылардың идеясын Ресей билігі «дәні бар, бірақ қазіргі жағдайда орындалмайтын аңғалдық» деп бағалаған көрінеді. Әрине, «өз бақшасы» санайтын мемлекеттердің бейтараптығы  Мәскеудің ындынын қандыра алмасы анық. Жоспары мүлде басқа. Орталық Азиядағы бәсекелестерінің ықпалын азайтуға ұмтылып отыр. Оның ішінде қырғи-қабақ болып тұрған Батыс қана емес, Қытай да бар. Кремль бұл ниетін ешқашан жасырған емес.

Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков қазір ресми сапармен Мәскеуде жүр. Бұл Ресейдің назарын қайта Орталық Азияға аудартып отыр. «Орталық Азия елдері Ресей мен Батыс арасындағы шиеленіс аймағына айналып барады. Бұл 2012-2013 жылдары ЕО «Шығыс серіктестігі» бағдарламасына кірген елдердің төңірегінде болған бәсекелестікті еске түсіреді», – деп байбалам салушылардың қарасы көп. 

Мәселен, былтыр қыркүйек айында «Коммерсант» басылымына берген сұхбатында Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров былай деп ашық мәлімдеме жасаған:

«Шығыс серіктестігінің» артынша ЕО Орталық Азия үшін Ресейдің мүдделері ескерілмеген бағдарламаны ұсынып отыр. Кеңес одағының бұрынғы еуропалық және қапқаздық республикалары қатысатын «Шығыс серіктестігі» мен Орталық Азия бойынша ЕО-ның жаңа стратегиясы арасын үйлестіруге ұмтылып жатыр. Мақсаттары бір – Ресейдің шығыс және орталықазиялық серіктестерін бөліп алу, біздің байланыстарымызды неғұрлым әлсірету, өмірді ұйымдастыру, саяси мәселелерді шешу тәсілдерін енгізуге ұмтылу, ЕО-ты қанағаттандыратын үлгіде халықаралық істерге қатысу».

Вашингтон да қарап қалған жоқ. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 15 ақпанда Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясында:

«АҚШ Ресейдің агрессивті ниетінен еуропалық одақтастарын ғана емес, сонымен қатар, Украина мен Грузияны, Орталық Азияны, тіпті, Арктиканы да қорғайды. Мәскеу Орталық Азия елдерінін өзіне «адал» болуды талап етіп отыр. Бірақ Америка бұған тосқауыл қояды», – деп мәлімдеген еді.

АҚШ соңғы кездері сөзден іске көшкен тәрізді. Орталық Азия елдерімен қожырап қалған байланысын арттыруға талпынып келеді. Осы айдың басында Помпео Қазақстан мен Өзбекстанға келіп, серіктестікке шақырған. Ташкентте «Орталық Азия – АҚШ» «5+1» форматында кездесу өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан қатысты.

Орталық Азиядағы өзге де геосаяси ойыншылар Мәскеудің қытығына тиіп отыр. Тіпті, гуманитарлық саладағы байланыстары, Бішкектегі америкалық университеттің, бірнеше түрік жоғары оқу орындарының жұмыс істеп тұрғаны да көзге шыққан сүйел. Үкіметтік емес ұйымдар Батыстың «жұмсақ күшінің» құралы деп атап, Батыстан сақтануға шақырып жүр. Аймақта Қытай экономикалық тұрғыдан жетекші орынға шығуы да  Кремльдің жүйкесіне тиіп бітті. Мәскеудің шынайы бәсекелес болуға шамасы жоқ.  Мұнысын өздері де мойындайды. Десе де, өзінің ықпал аймағы деп есептейтін елдерді өзгеден қорып әлек. Жаңа Үлкен ойын жалғасып жатыр. Оның немен бітерін болжау қиынның қиыны.

Тегтер: