21 Қараша 13:43

Тоқаевтың талабын Досмұхаметов орындай ма?

Фото:
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхаметов өңірдің тыныс-тіршілігін тікесінен тік тұрып баяндады. Өңірді ғана емес, күллі республиканы жерасты мұнайымен асырап отырған өлкенің қаржылық жағдайы жақсы екені айтпаса да түсінікті. Бірақ осы қаржы «алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей біраз басшыны істі етіп жатыр. Орталық коммуникациялар алаңында Махамбет Жолдасқалиұлына журналистер тарапынан қойылған сұрақтың бір парасы осы болды.


Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев 182 млн, ал Қайрат Нұрлыбаев 83 млн теңгеге қол салды деген ақпарат тараған болатын. Қазіргі таңда қос шенеунікке қатысты сот процестері жүріп жатыр. Журналистерді толғандырған сұрақ мынау: «Егер аталған шенділердің айыбы дәлелденетін болса, қолданыстағы заң бойынша, отставкаға кетуге өтініш жазасыз ба?».
«Бұған дейін бұл сұраққа жауап берген болатынмын. Иә, қазір Нұрлан Таубаевқа қатысты жемқорлық айыбы бойынша сот процесі жүріп жатыр. Егер сот оның айыпты екенін дәлелдеп шығатын болса, әрине, отставкаға өтініш жазамын. Сондай-ақ менің кез келген орынбасарым жемқорылық бойынша ұсталып, айыбы дәлелденсе, заң бойынша отставкаға кетуге дайынмын», – деді облыс басшысы.


Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Серік Айдарбековтың тікелей қоластындағы қызметкері лауазымды өкілеттілігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған болатын. Басқарма басшысы жемқорлықпен ұсталғаннан кейін Серік Айдарбеков отставкаға кетуге өтініш жазған-ды. Махамбет Жолдасқалиұлы орынбасарының «өтінішін» не себіпті орындамай тастағанын түсіндірді.
«Серік Айдарбеков отставкасын айтып отырғанда басқарма басшысы Серік Қамидолланың кінәлі болғанын айтып отырсыз ғой. Ол солай соттың шешімі болды. Ал Серік Айдарбеков заңға сәйкес өзі отставкаға кетуге өтінішін берді. Бірақ оны анықтап қарағанда, ол бұрын үш ай мерізім жұмыс істегенмен сол басқармаға жетекші болған жоқ. Жетекші болған уақыты – екі ай мерізім. Сондықтан да біз оны отставкаға жіберуге негіз жоқ деген шешімге келдік», – деп жауап берді әкім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қарамағындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталса, басшысы отставкаға өтініш жазу керек» деген талап-тілегіне шенеуніктер жүрдім-бардым қарап жүр. Алдағы уақытта орынбасарының жемқорлығы дәлелденсе, Махамбет Досмұхаметовтің де отставкаға кететіні күмәнді. Өйткені «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Жемқорлықпен күрес туралы» заң тым солқылдақ болып тұр.

Н.Таубаев. 
Заң демекші, Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев «Ақжайық» газетінің журналисті Фархат Әбілов пен Бас редактор Азамат Майтановты сотқа берген. Себебі аталған басылым ең бірінші болып Қайрат Нұрлыбаевтың үстінен тергеу жүріп жатқанын жазған еді. Журналист «Баспасөз қызметіңіз Нұрлыбаевтың тергеуге алынғанын ресми мәлімдесе де, орынбасарыңыз «Ақжайық» газетін неге сотқа берді?» және «Нұрлыбаев басылымды сотқа бермес бұрын сізбен ақылдасты ма?» деп сұрады.
«Иә, сондай факті болды. Бірақ кейін Нұрлыбаев өзінің арыз-шағымын қайтарып алды. Өйткені журналистке қандайда бір талап-тілегі жоқ екенін түсінді. Жарияланған ақпараттан моральдық немесе репутатциясын бұзатын ешқандай оғаш іс көріп отырған жоқпыз. Сол себепті аталған арызды қайтарып алды. Нұрлыбаев басылымды сотқа бермес бұрын менімен ақылдасқан жоқ», – деп қысқа қайырды.
Әріптестердің айтуынша, облыс әкімі журналистерден гөрі блогерлермен жиі кездесетін көрінеді. Алайда аймақ басшысы пандемияға байланысты журналистермен кездесе алмай жүргенін, алайда төртінші билік өкілдерімен кездесуден қашпайтынын тілге тиек етті.

Айтпақшы, әлеуметтік желілерде Атырау облысы әкімдігінің журналистерге арнап жасаған мол дастарқаны мен пакет-пакет сыйлығы да сөз болып жатыр. Мұны біреулер қолдап, енді біреулер даттап жатыр.    

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: