10 Желтоқсан 18:15

Тоқаев жастар мәселесіне көңіл аударды

Фото:

Жастар жылы аяқталып, Еріктілер жылы басталғалы тұр. Осыған орай Нұр-Сұлтанда өткен салтанатты рәсімде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.

Президенттің жастарға қатысты түйткілдерді жақсы білетіні аңғарылады. Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, адам сенімі риясыз болуы керек екенін айтты. Мемлекет басшысы басты мәселелерді талқылай келе, жастар қозғалыстарының жұмысына бірқатар сын айтып, кеңесін де берді.

«Елімізде, өкінішке қарай, NEET-жастар (Not in Education, Employment or Training) деп аталып жүрген, еш жерде оқымайтын, не жұмыс істемейтін жастардың қарасы көбейіп жатыр. Олар ештеңені қаламайды. Әлеуметтанушылардың мәліметінше, жастардың жиырма пайызы мектеп бітірген соң үйде отыруға мәжбүр», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, жастардың дені қоғамдық өмірге қатыспайды, жастарды қолдау бағдарламалары туралы ештеңе білмейтін көрінеді. Сөз жоқ, жақсы өмірге ұмтылу – әрбір пенденің арман-қиялы. Оған еңбекпен ғана жетуге болады. Расында да, еңбегіне ақысының сәйкес келмеуі, әлеуметтік лифттің жоқтығы жастардың ұмтылысын мұқалтып, ерік-жігерін құм етері анық. Бұл жағдайға көндіккендер енжарлыққа ұшырайды, көндіге алмағандар шетел асуға мәжбүр. Үшінші жол жоқтың қасы. Алдымен осындай жастардың мәселесі бар екенін түсінген адам ғана түбегейлі шешімін таба алады. Мүмкіндіктерге жол ашады.                                                             

«Жастардың ресурстық орталықтары туралы аймақтарда жастардың төрттен бір бөлігі ғана біледі. Оларға тек жастардың 5 пайызы ғана хабарласқан. Жастар ұйымдары алдымен жастардың осы санаттарымен айналысуы керек», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазіргі ұйымдардың креативті тәсілдерінің жетіспеушілігі қазақстандық жастардың жауапсыз, кейде деструктивті қозғалыстардың жетегінде кетуіне ықпал етеді. Анық байқалатын нәрсе, түрлі ағымдардың жетегінде, тіпті, басы-қасында жүрген жастар – қаражаяу емес. Харизмасы, ұмтылысы, ақыл-ойы, амбициясы, тіпті де, ерекше. Олардың дені осы күш-жігерін, ақыл-қайратын, қарым-қабілетін мемлекетке, елге, қоғамға пайдалы істерге бұрса, ел ағалары бетін бері бұруға ықпал етсе, яғни, қызметке қарындастығына қарап емес, қабілетіне қарай тартса, көп нәрседе ұтар едік.    

«Біздің елде ождан бостандығы Конституцияда көрсетілген, бірақ Ата заңымызда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені жазылған. Құдіреті күшті Жаратқанға деген терең сенім азаматтарымыздың, әсіресе, жастарымыздың рухани кемелдікке жетуіне ықпал етуі тиіс. Бірақ бәрі риясыз болуы қажет. Жастар қозғалысының барлық шаралары бір мақсатқа жұмылуы шарт. Белгі қою үшін емес, нақты істерге, бағыттарға арналуы тиіс. Жастардың нақты проблемаларын шешетін қоғамдық бастамалар, жобалар керек», – деді президент. 

Елімізде дін бостандығы бар. Адамдардың наным-сеніміне құрмет көрсетіледі. Бірақ мемлекеттің, елдің, ұлттың, отбасының мұраттары бар екенін де естен шығармаған абзал. Жастар ұйымдары бұған мұрындық болуы тиіс. Расында да, жастар мәселесін жастардың өзінен артық көтеретін кім бар? Сондықтан мемлекет басшысы бұл мәселеде жастардың өзіне жауапкершілік жүктеп отыр.  

Шадияр Өстемірұлы

Тегтер: