26 Қыркүйек 19:49

Тоқаев отандық QazVac екпесін әлем елдерімен бөлісуге дайын екендігін жеткізді

Фото:
 Әлем елдерінің назары Нью-Йорк қаласына ауды. 

БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің 100-ден астамы Нью-Йоркке келіп, штаб пәтерде бас қосты. 

Алматы, NEGE. БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары апталығы әлемнің мемлекет және үкімет басшыларын жинап, адамзат баласы үшін өзекті болған саяси-экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тақырыптарды талқылады. 76-сессияның апталығы бірнеше ерекшелігімен есте қалды. Ең алдымен биылғы жиынның гибрид форматында өткендігін айту керек. Кейбір  мемлекет өкілдері пандемияға байланысты онлайн форматында қатысуды ұйғарды. Тақырыптарға келер болсақ, әлемнің басты талқылау алаңында бірқатар өзекті, түйткілді мәселелер көтерілді. Солардың ішінде ковид пандемиясымен күрес, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, климаттың өзгеруі және Ауғанстандағы жағдайға көңіл бөлу күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар болды. Жиынның ашылуында сөз алған Бас Хатшы Антониу Гуттериш аталмыш мәселелерді шешу үшін ұйымға мүше елдердің ортақ күш-жігері қажет деп мәлімдеді.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш: «Қазіргі қиын қыстау уақытта мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың болмауы мені қынжылтады. Біздің серпіліс жасап, әрекет ететін уақытымыз жетті. Түрлі елдердегі төңкерістер, саяси тартыстар мен климаттың өзгеруі, адам құқықтарының тапталуы сынды көптеген проблемалар бар. Және олар адамның қолымен жасалды. Демек оны шешу де қолымыздан келеді деген сөз. Сонымен қатар пандемия уақытында дамыған мемлекеттердің басым бөлігі вакциналанып үлгергенімен, африкалықтардың 90 проценті екпенің бірінші дозасын да ала алмай отыр», – деді.

Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бейнеүндеуінде ковид пандемиясының адам өміріне әкелген зардабын айтып, отандық Каз-Вак екпесін әлем елдерімен бөлісуге дайын екендігін жеткізді.  

Тегтер: