28 Қараша 17:19

Талғат Ермегияевтің ісі қайта қаралуы мүмкін бе?

Фото:

2018 жылы 31 қаңтарда «тәртіптік кемшіліктері үшін, бақылаушы органның жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдастырмағаны үшін, қылмыстық іс жөніндегі үдерістерде жүйелі түрде қателіктер жібергені үшін және мемлекет мүддесін лайықты қорғай алмағаны үшін» қызметінен босатылған Алматы қаласының бұрынғы прокуроры Ғабит Миразов жаңа қызметке тағайындалды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Миразовтың қызметтен босатылуын «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, түрмеде отырған Талғат Ермегияевпен заңсыз қарым-қатынас жасағаны үшін жұмыстан шығарылғанын хабарлаған.

2018 жылдың маусым айында Ғабит Миразов «Bank RBK» АҚ басқарма басшысының орынбасары болып тағайындалған еді. Араға екі ай салып, ол жерден де босатылды.

«Бұған дейін Миразов НЕГЕ қызметте тұрақтай алмады?» деген сұрақ туады. 2018 жылдың қаңтарында сол кездегі Бас прокурор Қайрат Қожамжаров Алматы қаласы прокурорымен қоса, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстары прокурорларының орынбасарларын қызметтен алып тастаған. Қожамжаров жемқорлықпен күресуші агенттік басшылығынан Бас прокуратураға келгенде өзімен бірге сенімді адамдарын қоса ала келген. Сол тұста Алматы қаласының прокуроры Миразовтың «сотталған Ермегияевпен достық қарым-қатынасын» Қожамжаровтың кешіре алмайтыны түсінікті еді. Миразовтың «тәртіптік кемшілігі» де осымен байланысты болса керек-ті.

Қожамжаров кеткен соң Бас прокуратурадағы жағдай біршама өзгерді. Оған бір дәлел – Бағдат Мәнізоровтың ісі. Қадағалаушы орган «Мәнізоровтың ісінде қылмыс жоқ» деп шешті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шағым түсірді. Бүгін Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бұл іске нүкте қойғандай болды. «Ешқандай ерекше жағдай болған жоқ. Шағым түсіру – олардың заңды құқығы. Әр тарап қанша шағымданса да өз еркі. Шешім қабылданып қойды» деді Ахметжанов.

Енді Миразовқа қайта оралайық. Ол бүгін Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті әскери басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы М.Ахметжанов былай деді: «Ол (Миразов – ред.) өз еркімен қызметтен кеткен. Әрине, ары қарай жұмыс істей беруге құқылы. Заңдық тұрғыда бұған ешқандай кедергі жоқ».

Яғни, Бас прокуратураның қазіргі басшылығы Миразовтың Ермегияевпен достығын сөкеттік санамайды. Шынында да мұның сөкеттігі жоқ. Ендеше, бір кездері Қожамжаровтың күш салуымен түрмеге түскен Талғат Ермегияевтің ісі қайта қаралса, бұған таңданудың қажеті бола қоймас. Өйткені күштік құрылымдардағы жағдай күннен-күнге өзгеріп жатыр. Бірақ Қожамжаров пен оның бұрынғы командасының пайдасына емес...  

Қанат Ескендір

Тегтер: