21 Қазан 16:33

Судьялар Одағы соттың дамуына серпін бере ме?

Фото:
Қазақстан Республикасы Судьялар одағының құрылғанына биыл 25 жыл толады. Қазақстандық соттың дамуына бағдар беретін бастамалардың көпшілігі судьялар съезінен бастау алатыны белгілі.

Судьялар одағы ұйытқы болатын бұл съездерде талай толымды мәселе талқыға түсіп, өз шешімін тапты.

Nege.kz тілшісі Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Ерік Ақбаевтың пікірін білді.

«Республика судьяларының басын біріктіріп, сот жұмысын жандандыруға  серпін берген Одақ 1996 жылы 19 желтоқсанда өз жұмысын бастаған болатын. Осы жылы Алматы қаласында республика судьяларының I съезі өтіп, онда судьяларды ерікті түрде біріктіріп, ортақ мәселені ақылдасып шешуге бағытталған, судьялардың мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында әрекет ететін қоғамдық бірлестік құру қажеттігі көпшілік талқысына салынған еді. Мұндай одақтың қажеттігі судьялар арасында бұрыннан айтылатын. Ал съезд осы маңызды мәселенің толық шешімін табуына жол ашты. Осылайша Судьялар одағы деп аталатын республикалық мәртебесі бар, коммерциялық емес ұйым саналатын, қоғамдық бірлестік өмірге келді.

Одақ жұмысы судьялардың мақсат-мүддесін қорғауға бағытталғанымен, нақты істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға ықпал етпейді және саяси мақсаттарды көздемейді», – дейді судья.

Ал енді Судьялар одағы жұмысының түпкі мақсаты не? Бұл сұраққа Ерік Берікұлы Былай деп жауап берді: «Судьялар Одағы қазылардың тәуелсіздігі мен мәртебесін нығайтуды, соттардың материалдық техникалық базасын жақсартуды, сыбайлас жемқорлықты және Судьялардың әдеп кодексінің ережелерін бұзушылықтарды жоюды, халықтың арасында судьялардың имиджін арттыруды мақсат етеді. Ал мұндай жұмыстар оңай шешілмейтіні анық. Осыған орай Судьялар одағының атсалысуымен қолға алынатын шаралар көп. Судьялардың тәжірибе алмасуы үшін арнайы диалог алаңын ұйымдастыру, біліктілігін арттыру бойынша ғылыми-практикалық конференцияларды, семинарларды, дөңгелек үстелдерді, іс-шараларды қолға алу – сол жұмыстың бір парасы ғана. Шындығында судьялар тарапынан іске асырылып жатқан қайырымдылық шараларының, өнер, спорт сайыстарының, біліктілікті арттыру дәрістерінің, аға буын мен кейінгі буын арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстардың артында Судьялар одағы тұр».

Одақ – қызметтегі судьялардың ғана емес, сот ардагерлерінің де жоғын жоқтап, кем-кетігін түгендеуші. Бүгінде зейнет демалысындағы ардагер судьялардың ұйымдары одақ жарғысына сүйене отырып жұмыс істейді. Кәсіби білікті мамандардан тәлімгерлік мектебін қалыптастыруға Судьялар одағы да үнемі көңіл аударуда. Ардагерлердің пікірі, ұсынысы, лебізі одақ үшін әрқашан маңызды.

«25 жылдық тарихында Судьялар одағының көмегімен сот жұмысына, судьялар тәуелсіздігін нығайтуға қатысты ұсыныстар құзырлы орындардың назарына жетіп отырды. Әсіресе, сот қызметіне қатысты жаңа заңнамалардың сапалы дайындалуына одақтың сіңірген көмегі өлшеусіз. Өйткені сот жұмысындағы кем-кетікті судьялардан артық ешкімнің білуі мүмкін емес. Әрі осы түйткілдердің оң шешілуіне бірден бір қызығатын да судьялар болатыны түсінікті. Сондықтан да Судьялар одағы Қазақстандағы заң шығару ісіне үнемі белсенді қатысып, сапалы құжаттардың қабылдануына еңбек сіңіріп келеді.

Басқа елдердің судьялар қауымдастықтарымен, халықаралық ұйымдармен достық, әріптестік байланысты нығайтуда да Судьялар одағының үлкен табыстарға жеткенін ерекше атап өткен жөн. Соның нәтижесінде әріптестеріміз өзге елдердің сот тәжірибесімен танысып, өз еліміздің оң өзгерістерін басқа әріптестерімізге бөлісуге мүмкіндік алды», – дейді Е.Ақбаев.

Ширек ғасыр ішінде атқарылған игі істер бұдан кейін де лайықты жалғасын табады деп сенеміз.

Тегтер: