15 Қыркүйек 19:48

«Сіз қанша тірі бала тудыңыз?». Санақтағы ессіз сұрақтар есепке қажет пе?

Фото:

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында «Халық санағының аралық қорытындылары және өзекті мәселелері» талқыланды.  

Жиынға ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов, BTS Digital компаниясының өнім менеджері Жәнібек Дәуренбеков қатысты. 

Соңғы кездері sanaq.gov.kz сайтындағы онлайн сауалнамада күлкілі сұрақтардың бар екені әлеуметтік желіде айтылған болатын. Мысалы:

1. Сіз көзілдірік, линза кисеңіз де, Сізде көрумен қиындықтар бар ма?

2. Сізде жүру немесе баспалдақпен көтерілу кезінде қиындақтар бар ма? 

3. Сіз қанша тірі бала тудыңыз?

Бұл санақта жүрген сұрақтардың бір парасы ғана, бұдан өзге қаншамасын кезіктіруге болады.

Брифинг барысында Nege.kz порталының тілшісі осы мәселеге қатысты сауал жолдаған. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов Халық санағында тұрғындардың алдынан шығатын тұрмыс-тіршіліктің шектеулері жайлы сауалдардың не үшін қойылғанын түсіндірді.

«Онлайн санақ кезінде тұрмыс-тіршіліктің шектеулері деген тармақтағы сауалдар қызу талқыланды. Неліктен көру, есту, жүру және есте сақтау көрсеткіштері енгізілді? Айта кетейік, бұл сұрақ алдыңғы санақта да қойылған. Бірақ басқа формада берілді. 2009 жылғы халық санағының «Сіз жүру, есту, көру және сөйлеу қиындықтарын сезінесіз бе?» деген жалпылама сұрағы қиындық түрлері бойынша қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік бермеді», – деді Айдапкелов.

Оның сөзінше, 2021 жылғы санақ парағына енгізілген тұрмыс-тіршіліктің шектеулері сұрақтарын мүгедектік статистика жөніндегі Вашингтон тобы ұсынған көрінеді.

«Бұл бөлімде 5 сұрақ бар, мұнда тұрғындарға денсаулығына байланысты белгілі бір әрекеттерді орындау кезінде күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды бағалау ұсынылады. Халық санағының қорытындысы бойынша мүгедектер мен өмір сүруінде үлкен қиындықтар мен шектеулері бар, бірақ медициналық мекемелерге жүгінбеген, сондықтан ағымдағы статистикада көрсетілмеген адамдардың саны туралы деректер алынады. Сонымен қатар, нәтижелер Ұлттық бағдарламалар мен мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенция шеңберінде одан әрі зерттеулер жүргізу үшін іріктеулер қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Ал енді «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?», – деген тұрпайы сұрақтың не үшін қойылғанын да Ұлттық статистика бюросы басшысының жауабы бар екен. Н.Айдапкелов былай деді: 

«Бала туу туралы сұраққа жауап алу нәресте және бала өлімі туралы жан-жақты толық мәлімет жинақтауға мүмкіндік береді. Тірі туған балалардың саны туралы сұрақ, бала туу туралы маңызды деректерді қамтамасыз етеді. Оларды кей жағдайда қандай да бір басқа көздерден, оның ішінде азаматтық хал актілерін тіркеудің толық дамыған жүйесінің өзінен алу мүмкін емес. Бұл сұраққа берілген жауаптар бала туу туралы неғұрлым толық ақпаратты ашады. Яғни, санақтан өту сәтіндегі көзі тірі балалар туралы сұрақ, нәресте мен бала өлімі туралы маңызды ақпарат береді».

Бро басшысының айтуынша, мұндай сауалдар әйелдерге 1999 және 2009 жылғы халық санақтарында да қойылған екен. Бұл сұрақтарға жауаптар бала тууды бағалауды есептеу және үлкен жастағылардың бала туғызу мен бала туу қабілетінің таусылуы деңгейін бағалау бойынша да маңызды ақпарат көрінеді.

Тегтер: