26 Мамыр 11:12

Шөкеевтің істі болған орынбасары НЕГЕ қызметінен босатылмады?

Фото:

17 мамыр күні Жемқорлыққа қарсы қызмет Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағаны белгілі болған.

Артынша М.Мырзалиевтің денсаулығына байланысты демалысқа кеткені анықталды. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өндірістегі қылмыстық іс бойынша М.Мырзалиевтің «қорғануға құқығы бар куәгер ретінде түсініктеме беруге шақырылғанын, оған қатысты бұлтартпау шарасы қабылданбағанын» мәлімдеді.

Оқырманға қарапайым тілмен түсіндіре кетейік, жай куәгер мен қорғануға құқығы бар куәгердің айырмашылығы бар. Қорғануға құқығы бар куәгер мен күдіктінің арасы – бір-ақ қадам.

Ө.Шөкеев.

Nege.kz порталы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атына ресми сауал жолдап, орынбасары Мейіржан Мырзалиевке қатысты бірнеше сұрақ қойған. Сауалымызға Түркістан облысы әкімдігі аппаратының басшысы Ә.Тұрғымбековтен жауап келді.

«Nege.kz ақпараттық агенттігінің  2021 жылдың 18 мамырындағы  сұраныс хатына төмендегідей мәлімет береміз:

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев денсаулығына байланысты (уақытша еңбекке жарамсыздық парағында) облыстық ауруханалардың бірінде ем алуда. Жұмысына қатысты міндеттемелерден босатылмаған.

Хатта көрсетілген қалған сауалдарға жауап алу үшін құзырлы органдарға жүгіну қажет», – дейді Ә.Тұрғымбеков.

Әкімдіктің ресми жауабы.

Әкімдіктің ресми сайтының «Басшылық» деген бағанында М.Мырзалиевті әлі де «әкімнің орынбасары» деп көрсеткен. Яғни жауапта көрсетілгендей, М.Мырзалиев әлі «міндеттемелерден босатылмаған». Әрине, сот үкімі шықпай ешкімді кінәлі санауға болмайды, өйткені кінәсіздік презумпциясы деген бар.

Десе де, ауыс-түйіс туралы гу-гу қаулап тұрған кезде мақтаулы әкім Өмірзақ Естайұлының бір бүйірі үңірейіп бос қалғаны анық...    

Тегтер: