26 Тамыз 13:46

Сән салонындағы көзін сүзген тана немесе субсидия сергелдеңі туралы

Фото:
Қағаз жүзінде ғана бар мал басы үшін қазынаның миллиардтаған теңге қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің терісін жамылғандар шын мәнінде сән салоны, дәріхана, автокөлік жөндеу орталығының иелері, тіпті риэлтор болып шықты

...

Бір ғана Түркістан облысындағы тексеру барысында асыл тұқымды мал өсіріп жатырмыз деген жалған құжатпен 203 жеке және заңды тұлға 825 млн теңгеден астам сомада мемлекеттен заңсыз субсидия алған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері осындай жолмен 279 жеке және заңды тұлға 1 миллиард теңгеге жуық қаржыны бюджеттен алған деп отыр. Бұл – Агенттік төрағасы Марат Ахметжанов айтқан Павлодар, Түркістан, Алматы облысындағы тексерулердің ғана нәтижесі. Өзге облыстарда қандай былық болып жатқанын әуелі Құдай, сосын осы іске қатысы бар лауазымды тұлғалар ғана біледі.

Жақында ғана Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы Басқармасының бұрынғы бөлім бастығының ісі сотқа кеткені туралы жария болды. Бұл шендінің өзі «жоқ малға субсидия алып, қалтасын қампайтты» деген айыпқа іліккен. Мұндай деректерді қаза берсеңіз, барлық облыстан табасыз. Жылда әйтеуір бір облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының ірі қызметкері субсидияны сүліктей сорғаны туралы естиміз. Жылда осы ғой деп бұған мән де бермейтін күйге түскенбіз. Ал мұқият ойлансаңыз, бұл – қазынаны теспей сорудың ең сорақы түрінің бірі.

Біраз уақыт бұрын Алматы облысындағы Шонжы елдімекенінде болғанымда жергілікті тұрғындардан мынандай әңгіме естідім: Осы өңірде әлдебір пысықайлар мемлекеттік бағдарламамен шетелден асыл тұқымды ірі қара сатып алып, үлкен ферма ашыпты. Жоғарыға Шонжы тұрғындарының ауызы арзан ақ майға жеткені туралы есеп кетеді. Әлгі ферма бірнеше жылдан соң тоқырап қалған. Асыл тұқымды малды иелері тиынға сатып, қораны сол күйі тастап кете барған. Неге? «Өйткені олар мал өсіріп, ауыл шаруашылығымен айналысайын деген ниеттегі адамдар емес еді» дейді жергілікті жұрт. Олар субсидияны сауын сиырға айналдырудың амалын тапқан қуаяқтар секілді.

Алдымен шетелден асыл тұқымды мал сатып алғаны үшін оның жарты бағасына тең ақшаны мемлекеттен бір алады, жем-шөбінің қажетіне деп екі алады, бәлен келі еті мен сүтін саттым деп тағы субсидия алатын көрінеді. Сонда оған мал өсіруді кәсіп қылғанша, мемлекетті алдап субсидия алып, тайып тұрған әлдеқайда тиімді болып шығады.

Осыдан кейін біз неге өзіміздің ет пен сүтке жарымаймыз деп таңдануға бола ма?

Статистикаға  сенсек, 2019 жылы Қазақстан шетелге 23 мың тонна ет сатыпты. Есесіне, 204 мың тонна ет импорттағанбыз. Етті сонау Латын Америкасынан да сатып аламыз.

Пысықайлар осылай субсидияны тегін жем жейтін астауға айналдырған кезде адал еңбек етіп жатқан мыңдаған шаруа заңды субсидиясына қол жеткізе алмай жүргені тағы бар.

Солардың бірі – Алматы облысының Панфилов ауданындағы «Шүкейт-ата» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхтар Ақынов. Фермер 6 жылдан бері  «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алған 6 млн теңге несиесіне – мемлекеттен алуға тиісті субсидиясына қол жеткізе алмай, Жоғарғы сотқа дейін барды. Бағдарламаның шарты бойынша несиенің 10 пайызын мемлекет субсидиялап, үстемеақыны қайтаруы тиіс еді. Бір мекеме шаруаға оған ақша жоқ десе, екіншілері төлем мерзімін кешіктіріп алғансың деп өзін кінәлі қыла салған. Міне, осылай біреулер тананың орнына тырнақ жасайтын құрал алып, онысына мемлекеттен субсидия бөлінеді, ал нағыз шаруа субсидиясын жылдап ала ал алмай діңкелейді.

Бұл жағдайды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, тіпті Қазақстанның аграрлық саласына қарсы жасалған саботаж ба деп қаласың. Субсидия туралы ережелерді қайта қарап, жергілікті органдардың жауапкершілігін күшейтпейінше, субсидиямен байланысты сергелдеңнің бітпесі анық.

Әділ Ұзақбай, Алматы.

Тегтер: