1 Желтоқсан 00:15

Путиннің «достары» мен Қайрат Боранбаев. Қазақстандағы №10 олигарх Ресейдегі ең қымбат үйдің қожасы екен

Фото:

Ресейдегі ең қымбат пәтерлер орын тепкен жер – Мәскеудегі «Федерация» мұнарасы. Москва-Ситидің жүрегі. Мұнда бір шаршы метрдің бағасы 5 миллион теңгеден асады.

Мұнарадан үй алған өңкей ығай-cығайлардың арасында Қазақстаннан шыққан олигарх Қайрат Боранбаев та бар деп жазады The Bell.

Ресейдегі ең қымбат зәулім ғимарат «Федерация» «Шығыс» (102 қабат, оның 7-уі жер астында жатыр) және «Батыс» (63 қабат) мұнараларынан тұрады. «Шығыс» мұнарасы Санкт-Петербордағы Лахта орталығынан кейін Еуропадағы ең биік үйлердің қатарына кіреді.

«Федерация» кешені 10,7 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. 2019 жылы кешен Мәскеудегі ең қымбат зәулім ғимараттардың бірі ретінде 120 миллиард рубльге бағаланды (674 миллиард теңге). Ондағы пәтерлердегі шаршы метр бағасы 900 мың рубльге жетеді, ал жоғарғы қабаттардағы пәтерлердің құны 2 миллиардтан рубльден асады. Былайша айтқанда, ішіндегі аса қымбат пәтерлер 10 миллиард теңге тұрады.

Фото: The Bell

The Bell жазуынша, Федерацияның әр тұрғыны жай адам емес, өзінше тұлға. Nege.kz тілшісі тізімдегілердің көбі Ресей президенті Владимир Путиннің «достары» атанып жүргендер екенін байқады.

Мәселен, бір пәтер – «Ростех» басшысы Чемезовтың ұлы Станислав Чемезовтікі. Росреестр тізімінде, пәтер иелері арасында құқық қорғау органдары мен президенттің күзет қызметі қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қоры құрылтайшысы Сергей Шепотиненкомен аты да, тегі де сәйкес келетін адам бар. Ресей премьер-министрі Михаил Мишустиннің күйеу баласы Александр Удодов болса, 2009 жылдан бастап 55-қабаттағы пәтерге иелік еткен.

Олигархтар мен шенеуіктердің көбі Росреестрден өзінің ең қымбат шаршы метрге ие екенін түрлі амалдармен жасырып келеді деп жазады The Bell авторы Ирина Панкратова.

Фото: The Bell

«Росреестр тіркеуінен өзін жасырмаған жалғыз «небожитель» – қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев... Боранбаев Қазақстандағы мұнай-химия, газ, даму активтері, қонақүйлерге, сондай-ақ фармацевтикалық бизнеске иелік етеді, оның серіктесі ресейлік «Фармстандарттың» иесі Виктор Харитонин. «Федерация» кешеніндегі ауданы 482 шаршы метрлік пәтерді Боранбаев «А-Актив» компаниясы арқылы 2019 жылдың ақпанында сатып алған. Боранбаев өзінің өкілі арқылы жеткізілген The Bell сұрақтарына жауап берген жоқ».

Әрлеу жұмыстарын ескере отырып, Nege.kz есебінше, Қайрат Советайұлының «Федерация» мұнарасындағы пәтерінің қазіргі нарықтық құны кем дегенде 1 миллиард теңгеге бағаланады.

Бір қызығы, Ресей және Шығыс Еуропадағы ең қымбат шаршы метрлер осында орналасса да, коронакризис біраз бизнесменді есеңгіретсе де, мұнарада бос тұрған немесе сатылып жатқан бірде-бір пәтер жоқ.

Тегтер: