18 Қаңтар 15:36

Путин пұтқа айнала ма?  

Фото:

Ресей президенті В.Путин 20 жылдан бергі ең үлкен қадамға барды. 15 қаңтардағы жолдауында Путин елдің басты заңы – Конституцияға кем дегенде 7 бірдей өзгеріс енгізуді ұсынды. Жолдаудан кейін Дмитрий Медведевтің үкіметі отставкаға кетті. Осылайша Ресейдің жаңа тарихында екінші мәрте үкімет өз еркімен тарады.

Д.Медведевтің өз еркімен кеткен-кетпегені белгісіз, Путин оған жаңадан құрылған қызмет – қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары болуды ұсынды. Ал бірнеше сағаттан соң Ресей президенті күні кеше ғана көпшілікке белгісіз болып келген Ресейдің Федералдық салық қызметінің басшысы Михаил Мишустинді премьер-министрлікке ұсынды.

Конституцияға қандай өзгеріс енгізілмек?

Михаил Мишустиннің кім екеніне кейінірек тоқталамыз. Алдымен В.Путин ұсынған Конституцияға өзгерістеріне көз жүгіртейік. Путин елдің негізгі заңындағы бір адамның қатарынан екі рет мерзімнен артық  президент болуына тыйым салатын шектеуді өзгертуді ұсынды. Бұл мәселені желтоқсан айында журналистермен өткізген үлкен брифингінде де осы шектеуді алып тастау туралы ойын айтып қалған еді.

Ел басшысына қойылатын тағы бір талап өзгеруі мүмкін. Ресей Конституциясына сәйкес, президент сайлауына қатысатын үміткер кемінде 10 жыл Ресей аумағында тұруы тиіс.  Путин бұл талапты кемінде 25 жыл деп өзгерткісі келеді. Сонымен бірге шетелдің азаматтығы немесе тұруғы ықтиярхаты бар тұлғалармен қоса, енді бұрын өзге елдің азаматы болғандар да сайлауға қатыса алмауы мүмкін.

Ең ауқымды ұсынысы елдегі парламенттің құзыретін кеңейтуді көздейді. Қазір премьерді президент тағайындайды, ал Мемлекеттік дума депутаттары үміткерге келісім беруді дауысқа салады. Үкімет мүшелерін премьер өзі тағайындағанымен, соңғы сөз президентте қалады. Енді үкімет басшысы мен министрлерді тағайындау құзыретін парламентке беру ұсынылды. Президент әкімшілігінің айтқанынан аттап шыға алмайтын Мемлекеттік дума мен Федерация кеңесінің қаншалықты беделді саяси күшке айналатынын тап басып айту қиын. 

Кейбір дерек көздерінің хабарлауынша, үкімет мүшелері үшін өздерінің қызметтен кететіні туралы жаңалық күтпеген жағдай болған сыңайлы. Ұзынқұлақтың сыбырлауынша, бұл туралы В.Путин мен Д.Медведев және жаңа премьер-министр М.Мишустиннен өзге ешкім білмеген көрінеді.  

Д.Медведев үкіметтің отставкаға кеткенін В.Путинге «барлық тиісті шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беру керектігімен», «биліктегі тепе-теңдікке елеулі әсер ететін конституциялық реформаларды жүзеге асыру үшін» қажет болғанымен түсіндірді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Дмитрий Медведев өзі үшін арнайы ашылған жаңа қызметке – қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары орындығына жайғасады. Кеңеске Владимир Путиннің өзі төрағалық етеді, ал хатшы қызметінде Путиннің сенімді серіктерінің бірі – Николай Патрушев.

Путиннің жаңа конституциялық реформасын былайғы жұрт билікте қалудың қытайлық үлгісі десе, енді біреулері жаңа өзгерістерді Н.Назарбаевтың әрекетінің көшірмесі деп атауда. Расында да В.Путин президенттік сайлауға шексіз түсу туралы ұсынысы қабыл болмаған жағдайда, партиялық, парламенттік басқару жүйесімен билікте қалуды көздейтіні анық байқалады.   

Мишустин мұрагер ме?

Ресейдің өзінде баяғыда В.Путин билікке келгенде Батыс басылымдары қойған «Who is Mr. Putin» дейтін сауалды Михаил Мишустинге бағыттауда. Расында да үміткерлер қатарында аталмаған Мишустин кезекті премьер-министр ме, әлде Владимир Путиннің мұрагері ме?

Наурыздың 3-інде 54 жасқа толатын Михаил Мишустин Мәскеуде туған. Мамандығы бойынша инженер-жүйетехнигі. 1998 жылдан бастап мемлекеттік салық қызметіне келген. Мәнсабы тез жоғарылап, бір жылдан соң-ақ РФ алым-салық жөніндегі министрінің орынбасары болады.

2010 жылдан бері Федералды салық қызметінің жетекшісі қызметін атқарған Михаил Мишустин салық саласын жаңалап, цифрлы технология енгізген технокарт ретінде танымал. Мишустинді сарапшылар бұл қызметте жемқорлық, парақорлық дауларына ілікпеген, кәсіпкерлер үшін түрлі әкімшілік кедергілерді азайтқан кәсіпқой есебінде атайды.

Мишустиннің жетістігінің бірі ретінде 2015 жылы ҚҚС (қосымша құн салығы) төлемдерін бақылаудың автоматты жүйесін енгізу аталады. РФ Есеп палатасының дерегінше, осы жұмыстың арқасында салық жинау көрсеткіші жыл сайын 13%-ға өсіп отырған.

Өзімен бірге хоккей ойнайтын Михаил Мишустинді премьер-министр етіп тағайындау туралы В.Путиннің ұсынысын Мемлекеттік дума бірауыздан дерлік қолдады. Елдегі аузы дуалы саясаткерлер мен сарапшылар оны ең мықты басқарушы, білікті маман дейді.

Ал оппозиция премьер-министрге қатысты бірден жағымсыз жайттарды жария ете бастады. Алексей Навальныйдың дерегінше, Мишустиннің ресми түрде бір күн де бизнеспен айналыспаған әйелі 800 млн рубль тапқан. Ал «Проект» интернет басылымы Мишустин кіл бай-бағландар тұратын Рублевкадағы қымбат сарайын жасырғанын, тіркеу жүйесінде үйдің қожайыны ретінде «Ресей Федерациясы» көрсетілгенін жазды.

Ресейді қандай өзгеріс күтеді?

Михаил Мишустин В.Путиннің мұрагері ме деген сауалға дәл қазір жауап беру мүмкін емес. Өйткені жаңа премьер-министр бірінші кезекте күрделі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуі тиіс. Қазір бұл елдің билігін мазалайтын басты сұрақтың бірі –тоқырап қалған экономикалық өсімді көтеру. Егер М.Мишустиннің үкіметі 3 пайыздық өсім көрсеткішіне қол жеткізсе, оның саяси беделі күрт өсуі ықтимал.

В.Путиннің «президенттің шексіз билігін азайтып, үкімет пен парламенттің құзыретін өсіру» туралы ойы жүзеге асқан жағдайда Михаил Мишустин расымен де технократ қана емес, салмақты саяси тұлғаға айналуы ғажап емес. Дегенмен, В.Путин биліктен кетеді немесе мұрагерін тағайындады деуге тым ерте.

Путин қос бірдей күтпеген қадамға амалсыздан барған секілді. Бұған елдегі ішкі жағдай әсер етуі ықтимал. Соңғы сауалнама нәтижесі В.Путин мен Д.Медведевке былтыр сенімсіздік білдірген 35 пайыз ресейліктердің саны биыл 10 пайызға артқанын көрсетті. Демек, «ескіше басқара берудің» күні таяп қалғаны анық. Ал жаңа үкімет құру арқылы Ресей азаматтарының біраз бөлігін енді өзгерістер болатын шығар деген үмітпен бір-екі жылға алдаусырата тұруға мүмкіндік береді.

Кейбір ресейлік саясаттанушылар мен сарапшылар Путин Қазақстанның бұрынғы президентінің қадамдарын қайталауға ұмтылуда деп санайды. Олардың пікірінше, В.Путин Н.Назарбаевтың үлгісімен конституциядан да жоғары тұратын лауазым ойлап табу арқылы, елді бейресми түрде, билік орындарына ықпал ету арқылы басқара беруін жалғастырады. Демек, көрші елдегі өзгерістер «косметикалық жөндеу» секілді маңызға ие. Ал Ресейдің Қазақстанға ықпалы айтарлықтай өзгермейтін секілді.

Әділ Ұзақбай  

Тегтер: