11 Қазан 19:06

Президенттік жастар кадрлық резерві: Қатысушы атану үшін не істеу керек?

Фото:

Қыркүйек айында Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу кезеңі басталған болатын. 

Еліміздегі жастардың қарым-білімі, болашаққа деген ұмтылысына мән беру қазіргідей елең-алаң уақытта маңызды орынға ие. Жастардың жан-жақты әлеуметтік тұрғыда қамтылуы, қоғамда таршылық көрмей, өз ойын айқын айта алуы мемлекеттің беретін мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Білікті кадрларды даярлау да мемелкеттің алдында тұрған үлкен міндет. 

«Мемлекет басшысы жүктеген тағы бір маңызды міндеттің бірі – 2021 жылы Президенттік жастар кадрлық резервін өткізу. Қазіргі уақытта біз оның механизмі бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жолы шағын ғана менеджерлер мен кәсіби мамандарды іріктеп алу жоспарланып отыр», – деген болатын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.

Сонымен, Президенттік жастар кадрлық резервіне енудің шарттары қандай? Nege.kz порталы осы сұрақтың жауабын іздеп көрді. 

Негізгі шарт – Қатысушы Қазақстан Республикасының 35-тен аспаған азаматы болуы керек, білім өтілі де 5 жылдан кем болмағаны жөн. Еліміздегі жастардың басым көпшілігі шетелде білім алады, оқиды. Сол себепті, байқауға шетелдегі Қазақстан азаматтары да қатыса алады. 

Резервке өткен кандидаттар төмендегідей мүмкіндіктерге ие болады: 

1. Резервке өткен кандидаттар ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларда саяси және жоғары басқару әкімшілік лауазымдарға тағайындала алады;

2. Жоғары басшылық қызметтерге тағайындалу мүмкіндігі бар. 

Іріктелу 4 кезеңнен тұрады: 

  • Бірінші кезең  – автоматтандырылған жүйе арқылы құжат қабылданады;
  • Екінші кезең – үміткерлер тесттен өтеді;
  • Үшінші кезең – кандидаттар берілген тақырыпта эссе жазып, әлеуметтік маңызды жобаларын таныстырады. 
  • Төртінші кезең – сарапшылармен сұхбат. 

Ескертпе: Қатысушылардың жазған эсселері онлайн негізде тексеріледі, эссе жазу процесінен тікелей көрсетілім ұсынылады. 

Барлық кезеңдер бойынша үздік нәтиже көрсетіп, алдыңғы қатардан көрінген кандидаттарды Президенттік жастар резервіне қабылдау туралы шешім қабылданады. Өткен кандидаттардың дайындығы барынша пысықталады. Олар арнайы бағдарлама бойынша оқудан өтеді. Барлық ережелер мен тәртіптер Президент Жарлығымен реттелгенін айта кеткен жөн. 

Бағдарламаның басты мақсаты - қоғамдық мүддені таңдайтын, жан-жақты білімді жас таланттарды анықтау.

2021 жылға үміткерлердің құжаттарын қабылдау 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz интернет-порталында жүргізілді. Онлайн-платформада резервке қатысты барлық ақпарат пен керекті мағлұматтар көрсетілген. 

Тегтер: