4 Қаңтар 14:34

Президент жаңажылдық кеште диджей болды

Фото:

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов үкімет мүшелері мен әртістер бас қосқан жаңа жыл кешінде бірнеше сағат бойы диджей болып, ән салған.

Алматы, NEGE. Жарқ-жұрқ еткен түрлі-түске боялған салтанат сарайында, аппақ синтезаторда ойнаған Гурбангулы Бердімұхамедовтың әрбір қойылымын жиналғандар қызу қошеметпен қабылдады. Түркіменстан астанасында өткен кешті мемлекеттік телеарналар көрсеткен. Бұл кештің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде пайда болды.

«Радио Азатлык» cайтының хабарлауынша,  Бердімұхамедов бір сағат бойы диджей ретінде қарамағындағыларды билетіп, әншілермен бірге ән айтқан. Тіпті «Ровач» аталатын сәйгүлігіне өзі шығарған рэп әнін орындаған. Сосын музыкалық аспаптардың айырмашылығы туралы дәріс оқыған. Кешке жиналған депутаттар, үкімет мүшелері, өнер қайраткерлері мен шақырылған танымал тұлғалар сөйлеген сөздерінде Бердімұхамедовке мадақ арнап, елдің көркеюі тек «Арқадағтың» («Жебеуші») арқасы екенін айтқан.   

Түркіменстан президенті үнемі өзінің шығармашылық қабілеттері мен спорттағы жетістіктерін жария етеді. Халықаралық ұйымдар Г.Бердімұхамедовті «оғаш қылықты, біртүрлі диктатор» деп атайды.

Тегтер: