8 Сәуір 14:39

Президент НЕГЕ отандық вакцинаны салдырмады?

Фото:

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли 6 сәуір күні қасым-Жомарт Тоқаевтың вакцина салдырғанын хабарлаған. Енді не үшін отандық вакцина салдырмағанын түсіндірді.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ.

Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеулердің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді.

Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырды. Бұл – өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы.

Бұған дейін Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ, екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған болатын», – деп жазған Б.Уәли.

Осыдан соң қоғамда «Президент неге отандық вакцинаны салдырмады?» деген сұрақ туындады.

Осыған байланысты Берік Уәли бүгін әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп түсініктеме берді: «Азаматтарымыз әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысының бұған дейін қазақстандық вакцина салдырамын деп, бірақ оны күтпей, «Спутник-V» екпесін алғаны жөнінде сұрақтар қоюда.

Президенттің әрқашан да отандық өнімді қолдайтынын сенімді түрде айта аламын. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыда шығарылған вакцинаны салдырды және біздің ғалымдарға толық сенеді. Қазақстандық вакцина өндірісі іске қосылғаннан кейін Мемлекет басшысы Жамбыл облысына барып, кәсіпорынның жұмысымен арнайы танысуды жоспарлап отыр. Президент келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті.

Президент коронавирусқа қарсы күресте халықты жаппай вакцинациялаудан басқа балама жоқ екеніне сенімді».

Тегтер: