14 Мамыр 15:13

Президент қызметтен қуған Бармақов бәрібір жол сапасына жауап беретін болды

Фото:

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автожолдар комитетінің бұрынғы төрағасы Сайранбек Бармақов Жол активтері сапасы ұлттық орталығы бас директорының орынбасары болып тағайындалды.

Естеріңізге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сапасыз жолдар үшін Сайранбек Бармақовты сынап, көп ұзамай ол комитет төрағасы қызметінен босатылған еді. Бармақовты «саладағы бақылауды әлсіреткені үшін» қызметінен босатқан.

С.Бармақов. Фото: primeminister.kz

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қарайды. Кәсіпорын Үкіметтің 2019 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен құрылған болатын. Ендеше, бір кездері сапасыз жолдар үшін жұмыстан қуылған Сайранбек Бармақов бәрібір жол сапасына жауаптылардың бірі болып қала бермек.

Жол активтерінің сапа орталығы автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жасаумен, сондай-ақ жол активтерін басқарумен айналысады. Жалпы пайдаланудағы барлық жолды, соның ішінде жергілікті автомобиль жолдарын тексеруді қамтиды.

Сәуірдің соңында Сайранбек Бармақовтың «Қазавтожол» ұлттық компаниясының Алматы облысы филиалы директоры қызметіне тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Алайда министрлік бұл деректі жоққа шығарды.

Енді міне, Сапарбек Бармақовтың бәрібір лауазымды қызметке тағайындалғаны белгілі болып отыр. Министрлік мұны жасырып қалудың жайын таба алмаса керек, сірә...

 

Тегтер: