24 Мамыр 15:02

«Премьер-министрге» не болды?

Фото:

Бүгін күнұзаққа ҚР үкіметінің ресми сайты primerminister.kz жұмыс істемей тұр. Үкімет сайтының неге істемей тұрғанын тілшіміз анықтауға тырысты.

Сайттың бастапқы бетінде «Техникалық жұмыстар жүргізілуде. Ведутся технические работы» деген жазу тұр.

Тілшіміз ресми сайттың не себепті істемей тұрғанын анықтау үшін Үкіметтің баспасөз қызметімен байланысқа шығуға тырысқан, алайда бұл мүмкін болмады. Түскі ас уақыты өтсе де, баспасөз қызметіндегілер телефон тұтқасын көтермеді. 

21 мамырда Nege.kz порталында «Дереккөз: жақын күндері Үкімет отставкаға кетеді» деген мақала жарияланған. Мақалада тұрақты оқырманымыз «жақын күндері Үкімет отставкаға кететітін, іле-шала өтетін Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Премьер-министрдің аты-жөні белгілі болатынын» хабарлаған.

Коллаж: Nege.kz

Үкіметтің баспасөз қызметі отставкаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Тек ҚазТАГ тілшісіне: «Біз бәріміз жұмыстамыз, гу-гуге сенбеңіздер, қалыпты режимде жұмыс істеп жатырмыз», – деп қысқа қайырған.

Үкіметтің ресми сайтына «техникалық жұмыстар жүргізілуін» алдағы күндері болуы мүмкін отставкамен байланыстыруға бола ма, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім.

Бірақ, тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Nege.kz порталында жарияланған материалдан соң Үкімет үйінің дәліздерінде абың-күбің әңгіме бұрынғыдан да күшейе түсіпті...    

Тегтер: