5 Наурыз 11:24

Партқұрылыс: «Зомбилер» мен «қаңқалар» альянсы

Фото:

Қазақстанда не көп, «зомби» партиялар көп. Сайлау алдында ғана сүйектерін сықырлатып тіріліп, жер астынан шығады да, науқан өткен соң көрге қайта тығылып, тыныштық табады. Зомби дегенде, әрине, көз алдыңа алдымен қаңқалар келеді. Енді сол, зомбилер мен қаңқалар одақ құрып, еліміздің саяси алаңын «бөтендерден» қорғауға көшкен секілді.

Елімізде қоғам өміріне жаңа леп беруді көздеген бірнеше партияның тіркеле алмай басы қатып жүргеніне біраз уақыт болды. Олардың алдынан кәдімгі «қаңқалар» шығып, жұмысының алға басуына кедергі келтіріп бағуда.

Мәселен, жаңа құрылатын партиялардың бірі қол жиып, мұнша қолдаушыларымыз бар құжаттарын тапсырса, Әділет министрлігі ол адамдардың арасынан «өлілерді» тауып, кері қайтарған. Тілшімізге түсініктеме берген «El Tiregi» партиясының өкілі Әділет министрлігінің ілігін жоққа шығарып отыр.

Н.Ермаханов

«Барлық құжаттарымызды заңға сәйкес тапсырдық. Бір емес, үш рет. Растамасыз қайтарып жіберді. Бұл – заңға томпақ. Мемлекеттік орган мынадай негізде қайтарды деп ашық жазылуы тиіс. Хабарламада ол жоқ. Мәртебесі анықталмаған деп қана көрсетілген.

«Өлген адамдар» бар деген соң, біз адамдардың бәріне «тірісіңдер ме?» деп қайта қоңырау соғып, аман-сау екеніне көзіміз жеткен соң, қайта тізім жасап тапсырдық.

Сонда да бас тартып отыр», – дейді заңгер, «El Tiregi» ұйымдастыру комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Ермаханов.

Сондықтан, «El Tiregi» партиясы Әділет министрлігінің үстінен Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотына талап-арыз түсірген. Енді мыңнан аса адамды емес, екі-үш мыңға дейін адамды тізіміне кіргізіп, тапсыруға бел буып отыр. «Екі мың адамның 1,5 мыңы өлген» деп айта алмайтын шығар?» – деп сауал тастайды заңгер. Оның сөзінше, хабарлама тек құлақтандыру сипатқа ие, бас тарту мүлде қарастырылмаған.

М.Балғабаева

«Бізге партияны тіркетуге бола ма?» деп сұраған хабарламаға да қол қоймай отыр. Партияны тіркету үшін алдымен сиез өткізу қажет. Оны өткізу үшін де атқарылатын шаруалар аз емес. Ал олар хабарламаны да қабылдамады. Тіркелмеген барлық партиялардың мәселесі осында жатыр», – дейді тіркелмеген «El Tiregi» партиясының баспасөз хатшысы Мәдина Балғабаева.

Бірнеше мәрте әрекетінен түк шықпаған соң, «Хақ» партиясы да тіркелуден уақытша бас тартып отыр. Енді бұл саяси ұйым «Халыққа Адал Қызмет» республикалық қоғамдық бірлестігі болып құрылмақ. «El Tiregi» алдына қаңқалар шықса, «ХАҚ»-тың алдынан қарыздар шығып отыр.

Т.Қожалиева

«РҚБ құрып, тіркетпек болғанбыз. Бірақ құрылтайшылардың, бастамашыл топқа кірген адамдардың қарызы бар деп кері қайтарды. Өзіміз тексерген кезде, базаларда ешқандай қарыз болған жоқ.

Екінші рет тапсырған кезде қарыздарымыз жоқ деген анықтаманы қоса тапсырдық. Оны 30 күн тексеріп, «бір жігіттің әлі жойылып бітпеген ЖШС-ы бар екен» деп сылтау тапты.

Әйтеуір, базада жоқ қарыздарымыз шығып жатыр», – дейді тіркелмеген «Халыққа Адал Қызмет» республикалық қоғамдық бірлестіктің негізін қалаушы Тоғжан Қожалиева.

Заң бойынша, алдымен қоғамдық бірлестіктердің аймақтарда филиалдары құруылуы керек екен. Партия соның базасында құрылмақ. «ХАҚ» филиалдар құрып, жұмыс барысында адамдарды електен өткізіп алмақшы.

Егер бұл бірлестік «партияға айналамын» деп жіберген хабарламасының алдынан қаңқалар тағы шықса, таңқалудың еш реті жоқ.

Тегтер: