Олжас Сүлейменов: Уақыт келді!

Алматыда Журналистер үйінде ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің «Қазақстан халық конгресі» қоғамдық қозғалысы жұмысының жандануы туралы баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға баспасөз өкілдері қатысты. Баспасөз маслихаты барысында қоғамдық қозғалыс жұмысын қайта бастайтыны айтылды.
Олжас Сүлейменов өзін Франция елі марапаттағанын тілге тиек етті. Айтуынша, ол бұл марапатты 1993 жылы алуы тиіс болған.
«Франция мені белгісіз бір ерлігім үшін марапаттап жатыр. Мен ондай марапттарды бұрындары да алғанмын. 1993 жылы Францияның президенті Алматы қаласына келіп қонды. Ол Қытайға ұшып бара жатқан болатын. Француз елшісі оның 1 сағатқа келіп мені марапаттайтынын айтты. Мен әлбетте, қуандым. Барынша дайындалдым. Сағат 11.00-ге дайын болыңыз, көлік келіп алып кетеді деді. Ол ұшып келді де, біраз уақыттан кейін ұшып кеткенін естідім. Мен онысын түсінбедім. Кейін елші маған бәрін түсіндіріп айтты. Президент Назарбаев оған: «Өкінішке қарай, Сүлейменов қазір Қазақстанда емес. Ол іс-сапарда жүр. Сол себепті марапатты тастап кетіңіз, біз оған өзіміз береміз», – депті.
Ол солай марапатты тастап, ары қарай Қытайға ұшып кеткен. Сосын елші мен күтіп отырған жерге келіп, осыны түсіндіріп айтты. Мен Нұрсұлтанның өз саясатын жалғастырып жатқанын сол кезде түсіне қойдым. Ол полигонды жабу, сынақты тоқтату сияқты еңбектерді иемденіп алды. Тіпті, Семейдің орталығына өзінің алтын қолтаңбасын орнатып қойды. Сол кездегі саяси жағдайларды өз пайдасына қолданды, полигонды өзінің бұйрығымен тоқтатқанын айтты. Ол кезде қайдағы бұйрық? Қатардағы қызметкер бола тура ол бұйрық бере алмайтын еді. Бұйрықты Горбачев бере алатын заман болатын», – деді Олжас Сүлейменов.
Полигонды тоқтату Қазақстанның Халықаралық брендіне айналғанын да атап өтті. Ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшы елі. Саясата да, экономика 30 жылдың ішінде дамымағанына қынжылды.
30 жылдың сарқыншағынан арылатын «уақыты келгенін» түсіндірді.
«Қазір халықтың нағыз таланты бір жағдайда ғана көрінуі мүмкін. Ол «уақыты келгенін» түсінгенде ғана солай болады. 30 жыл бойы өмір сүргенімізбен, қоштасатын уақыт келгенін түсінетін кез жетті. Біздің қозғалыс сол кезде «уақыт келді» деген ұранмен құрылған болатын. Қазір де «Қазақстан халық конгресі» жанданады. Конгрес латын тілінен аударғанда «жақындасу» деген мағынаны білдіреді. Бәрінің уақыты келді. Біз сол бағдарламаны жасап жатырмыз. Әзірге осы!», – деді О.Сүлейменов.
Қозғалыстың жұмысы неге дәл қазір қайта жанданады? Оған нақты не себеп болды деген сауалға Олжас Сүлейменов былай жауап берді:
«Оған Тоқаевтың билікке келуі себеп болды. Мен оны бұрыннан жақсы танимын. Бірнеше рет бірге жүрдік. Ол жұмыс істей алады. Сол себепті оған көмектесу керек».