Nur Otan арзан жарнама үшін жастарды алдап соқты ма?

Журналист Михаил Козачков кеше Telegram-арнасында билік партиясына қатысты келеңсіз оқиғаны жария етті.
Nur Otan партиясының «шекпенінің» астындағы Liter.kz сайты «Nur Otan қазақстандық студенттердің Ресейге оқуға баруына көмектесті» деген ақпарат жариялаған. Онда былай дейді: «Nur Otan партиясы Брянскі мемлекеттік аграрлық университеті студенттерін оқу орнына жеткізу үшін автобус жалдады...».
«Саяси науқан жақындады. Жеткізсе, жеткізген шығар, несі бар?!» деуіңіз кәдік. Алайда көп өтпей, билік партиясы ұятты жағдайға тап болды. Ақпаратты жариялаған сайт пен әріптесіміздің еш кінәсі жоқ. Кінә – «шөпті де, шөңгені де» жарнамаға айналдырғысы келетін партия басшылығында.
Әлеуметтік желілердің бірінде «қайырымды жандардың» әлгі автобусында болған жастардың жазбасы жарияланды.
«Автобуспен кеткендердің бірі мен едім. Автобуста 50 адам болды. Бізді алдап соқты, жолдастар», – деп жазды Азат Совет.
Не жағдай болғанын білгісі келгендерге одан әрі Азат Совет былай дейді: «Қостанайға жетіп қалған едік, бізді кері бұрды. Біздің қателігімізді қайталамауды сұраймын, ешкімге сенбеңіздер. Тек шекараны ресми ашқанда ғана өтіңіздер. Партияға айрықша рақмет (сарказм). Әдемі көрсетті, ал іске келгенде... Қазір Ресейдегі қызым екеуіміз бұл тамаша сапарды ұйымдастырғандарға алғыс айтамыз. Енді не істерімді білмей отырмын. Іске сәт!».
Оқиғаның жай-жапсарын білмекке тілшіміз Nur Otan партиясының баспасөз қызметіне хабарласқан. Баспасөз қызметі «партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі» атынан төмендегідей жауап жіберді:
«Commune Bonum» Қоғамдық Қоры «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне қазақстандық студенттердің РФ Брянск облысына баруына көмек көрсетуді сұрады.
Бұл ретте, өтініш білдірушілер шекарадан өту бойынша барлық құжаттары ретке келтірілгенін, мұны құзырлы органдармен арадағы хат алмасулар айғақтай алатынын алға тартты.
Қоғамдық қордың өтініші студенттерді Нұр-Сұлтан қаласынан Брянскіге дейін апаратын автобуспен қамтамасыз етуге қатысты болды.
Партияның астаналық филиалы қоғамдық қордың бұл өтінішіне құлақ асып, студенттерді Брянск қаласына апаратын автобуспен қамтамасыз етті. Жастар 2020 жылдың 1 қыркүйегінде жолға шығып кеткен-ді.
Бұдан соң қазақстандық студенттердің шекарадан өтуі кезінде қиындықтар туындауы мүмкін деген ақпарат пайда болды. Шекарадағы кідірістер студенттердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, барлық жағдай реттелгенге дейін оларды үйге қайтару туралы жедел шешім қабылданды.
Жастардың оқуға деген шынайы ықыласын түсінеміз, бірақ көрші мемлекеттің шешімін құрметтеу керек. Олар оқуға жақын арада оралады деп үміттенеміз».
Билік партиясы басшыларының арзан жарнамаға тым құмартып кеткені бұған дейін де байқалған. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағысы келеді. «Көршінің шешімін» шексіз құрметтей берсін, бірақ арзан жарнама үшін жастарды әуре ететіндей олардың не жазығы бар?
«Студенттерге көмектестік, Ресей асырдық» деп алаулатып-жалаулатып алып, артынан «анау болды, мынау болды» деп ақталғандарға не деуге болады? Азат Советшелеп «Іске сәт!» дейміз де, басқа не дейміз?..