Моргтың құны – 1 млрд 240 млн теңге!

13 қыркүйек, 18:16
Моргтың құны – 1 млрд 240 млн теңге!
Фото: nege.kz

Естеріңізде болса, Nege.kz порталы 14 шілдеде Орал қаласына жобалық құны миллиард теңгеден асатын морг салынатынын жазған. Осыған байланысты БҚО әкімі Ғ.Есқалиевтің атына ресми сауал жолдағанбыз. Сауалымызға облыс әкімінің орынбасары А.Нұралиев жауап берді.

«Жаңа морг салуға бюджеттен қанша қаржы жұмсалады?» деген сұрағымызға жауап мынадай болды: «Жаңа паталогоанатомиялық бюроның құрылысы мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша құны 1 240, 4 млн теңгені құрайды.

Миллиард теңгеден астам бюджет қаржысына морг құрылысынан бөлек үй кинотеатры, музыкалық орталық алынып, фитнес-зал жасалуы тиіс. 

«Тендерге қанша компания қатысты? Кім жеңімпаз боп танылды?». Бұл сұрақтың жауабы мынадай: «Облыстық денсаулық сақтау және құрылыс басқармаларының мәліметіне сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу барысында 8 мекеме қатысып, жеңімпаз болып «Альтаир» ЖШС компаниясы танылды».

Құны миллиард теңгеден асатын жобалардың бәрін «BI Group» ұтатынына әбден етіміз үйреніп қалыпты. Оралдағы миллиард теңгелік моргті де солар салатын шығар деп ойлағанбыз...

Оралдағы моргтың жобасы.

«Альтаир» ЖШС-ның заңды мекен жайы Орал қаласындағы Г.Потанин көшесінде тіркеліпті. Басшысы – Нұрлан Ақылбекұлы Қуанғалиев.

Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге қарағанда, «Альтаир» ЖШС БҚО-дағы ірі құрылыс нысандарының көпшілігін салған. Бұл ЖШС-ның облыстағы лауазымды тұлғаларға қаншалықты жақындығы әзірге белгісіз.

«Құрылыс басталды ма?» деген сұрағымызға облыс әкімінің орынбасары: «Паталогоанатомиялық бюроның құрылыс-монтаждау жұмыстары қаржыландыру мәселелерінің нақтылануына сәйкес жүргізілетін болады», – деп жауап берді.

Яғни моргтің құрылысы әлі басталған жоқ. Өйткені қаржы мәселесі әлі шешілмеген. Әкім орынбасарының жауабынан осыны түсіндік.

Орал қаласына жаңа морг қаншалықты қажет? «Қолданыстағы паталогоанатомиялық бюроның ғимараты бүгінгі нормативтік талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты «БҚО Орал қаласындағы облыстық паталогоанатомиялық бюро» мекемесінің өтінімі негізінде облыстық құрылыс басқармасымен 2017 жылы құрылыс, санитарлық талаптарға сай келетін «БҚО Орал қаласындағы облыстық паталогоанатомиялық бюро құрылысы» жұмыс жобасы жасақталды», – деген жауап алдық.

Қысқасы, Оралда миллиард теңгелік морг салынады. Моргте фитнес-зал, кинотеатр, жайлы диван, кофе ішетін арнайы бөлме болуы керек. Ал енді осылар болмай қалып, әдеттегідей қызметкерлер өздері жаңа ғана сойған мәйіттің жанында шәй ішіп отырса, бюджет миллиардының біраз бөлігі жеке қалталарға түсті деп топшылауға болар...     

#морг #бқо #миллиард #бюджет